Қостанайлық диқандар: былтырғы қуаңшылық қайталанса, қарызға белшеден батамыз
Олардың көпшілігінде болашақ астық есебінен алған несиелері мен лизингтік техникасы бар.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Амангелді ауданының шаруалары 2022 жылға мол үміт артып отыр. Былтыр маусым айының ортасына дейін небәрі 0,2 мм ғана жауын-шашын жауса, биыл мамыр айының өзінде 3 мм-ге дейін ылғал түскен. Демек, топырақтағы бұл ылғал қоры – масақтың әрі қарай өніп, пісіп-жетілуіне жеткілікті деген сөз.
Былтыр құрғақшылық Бауыржан Жаңбыршинді әбден қысты. Үш мың гектар егістіктен еш пайда көрген жоқ. Тапқаны шығынды жабуға жетті. Шаруа кеткен есені қайтару үшін алғаш рет несие алуға мәжбүр болды. Қазір банкке 30 млн теңге қарыз. Оған қоса, лизинг арқылы екі жаңа техникамен толыққан.
Бауыржан Жаңбыршин, шаруа:
- Биыл бір нәрсе болады деп ойлаймыз. Екі жыл қатарынан егін болған жоқ. 1,5 центнер ғана алдық. Мың гектардай күйген шығар. Күйгенде шаптық. Одан 400 гектардан 30 тонна алдық. Кей жерде 40 тонна, 50 тонна.
Жалпы аудан диқандары көктемгі дала жұмыстары үшін 350 млн теңге шамасында несие алған. «Бұрын-соңды мұндай көлемде қарыз берілмеген», – дейді ауыл шаруашылығы бөліміндегілер. Негізі Амангелді ауданы берекелі жылдарда жеті центнерге дейін сапалы астық жинайтын.
Арман Саржанов, Амангелді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Былтыр жазда жаңбыр мүлдем болмады. Орташа есеппен 3,8 центнер өнім алынды. Биылғы жауын-шашынның барысы бойынша шаруа қожалықтары, агрономдар осындай қалыпты ауа райы болса, жақсы өнім алады деп жоспарлап отырмыз.
Қазір облыс бойынша алқаптарды жаппай улау жұмыстары басталды. Дәнді дақылдар себілген аумақ 4 млн 800 мың гектарға тең. Соның басым бөлігі биыл құрғақшылыққа ұрына ма деген қауіп бар.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров