Елімізде шомылу маусымы басталғалы 36 адам суға кеткен
Оның 19-ы – бала. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Қайғылы оқиғалардың себебі – рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу, ішімдік ішу, балаларды қараусыз қалдыру және тағы басқалары. Жаз енді ғана басталғанын ескерсек, кез келген су айдынында ең алдымен сақтық шарасын ескерген абзал.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жаздың аптап ыстығында адамдардың жағажайларға ағылуы заңдылық. Жұмыс күні екендігіне қарамастан демалыс орнына келгендердің қарасы қалың. Балалар да, ересектер де осында жүр. Құтқарушылардың айтуынша, басты қауіп мұндай орындардан емес, қараусыз жатқан, яғни рұқсат етілмеген орындарда шомылудан болады.
Бауыржан Ыдырысов – сондай орындарды шолып, азаматтардың өмірі үшін күресіп жүрген құтқарушылардың бірі. Негізі бас қалада «қауіпті» деп танылған орындарға арнайы тақтайшалар ілінген. Бірақ...
Бауыржан Ыдырысов, құқтару жасағының жетекшісі:
- Адамдар мән бермейді. Жұлып, сындырып тастайды. Белгілер жыл сайын ауыстырылады. Адамдар суға түсіп жатқанда барып ескертеміз. Кішкене алыстап кетсең, қайтадан суға кіріп жатады.
Рейд кезінде адамдардың жауапсыздығын біз де өз көзімізбен көрдік. Бірқатары құтқарушыны байқаған бойда бойтасалап бақты. Бірақ осындай жауапсыздықтың арты қазаға ұрындыруы мүмкін екендігінде ұмытпау керек. Жыл басынан бері ойланбай жасаған әрекет кесірінен 81 адам суға кетіпті. Оның 32-сі – бала. Уақытылы әрекет ету арқылы 50 адам құтқарылған.
Бауыржан Сыздықов, ҚР ТЖМ комитет төрағасы:
- 2021 жылдың осындай кезеңінде 125 адам суға кетсе, оның ішінде 64-і бала болатын. Адамдардың қаза болуы 35%, балалардың қаза болуы екі есе азайды. Дей тұрғанмен, көрсеткіштерге қарап, тоңмейілсуге болмайды. Әрбір статистика артында адам өмірі мен отбасы қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Сондай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Павлодарда қауіпсіздік мектебі ашылды. Негізгі мақсат – судағы бала өлімін болдырмау. Мамандар оқушыларға өзен-көлдерде болатын оқыс оқиғалар кезінде өзін ұстау мен шұғыл әрекет ету ережелерін түсіндіреді. Себебі өткен шомылу маусымында өңірде алты жеткіншек өзенге батып кеткен.
Теміржан Танжанов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Судағы қауіпсіздік қағидаларын және дәрігерге дейінгі бірінші көмек көрсетуге үйрету және төтенше жағдайлар аз болу үшін қызмет етеміз. Өйткені үлкендеріміз де осы қауіпсіздік ережелерін білмейді.
Айта кетейік, 1 маусымда барлық өңірде шомылу маусымы басталды. Елімізде суға түсуге рұқсат етілген 497 орын бар. Сарапшылардың пікірінше, бұл тым аз. Себебі Қазақстанда азаматтар шомылу және демалу үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су айдыны бар.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тоқтар Терлікбаев