Ақтауда биыл егілген гүлдер мен талдар қурап жатыр
Алайда тұрғындар көктемнен бері жасыл желекке бір тамшы су бұйырмағанын айтады. «Сондықтан биыл егілген гүлдер мен талдар қурап жатыр», – дейді. Ал әкімдік болса, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы кеш анықталғанын хабарлады.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Биыл қаладағы гүлзар алқаптарына 5 мыңға жуық көшет пен 112 мың дана петунья және раушан гүлдері егілген. Алайда қала көшелеріне отырғызылған қылқанжапырақтылар жаз басталысымен қурап жатыр.
Ал әкімдік биыл алғаш рет мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 5 жылға келісімшарт жасалғанын хабарлаған еді. Бұл мақсатта қазынадан 7,4 млрд теңге бөлінген. Жеңімпаз мекеме маусым айында ғана анықталған.
Ернар Төлесінов, Ақтау қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
- Сол мекемемен келісімшартқа отырамыз, қазір тіркеуде. Талдардың көбеюіне байланысты жаңадан кесте құрып жатырмыз. Қазіргі таңда күннің ыстығына байланысты суару жұмыстары таңертең және кешке жүргізіледі.
Қазір суару жұмыстарына 30 көлік жұмылдырылған. «Бұл қаланы түгел қамти алмайды», – дейді тұрғындар. Сондықтан шаһарға былтырдан бері су құбырлары тартыла бастаған еді. Қазір 13 шақырымы ғана жүргізілген. Әкімдік бұл жұмыстар мамыр айында бітеді деп уәде еткен еді.
Айбек Ербөлеков, мекеме директоры:
- Суарудың жаңа жүйесі, яғни тамшылата суару әдісі енгізіліп жатыр. 1-шағын ауданнан бастап жылдың аяғына дейін 40 шақырым құбыр жүргізу жоспарда бар. Осы айдың аяғына дейін 15 шақырым іске қосылады.
Әкімдіктің хабарлауынша, жаңа мекеменің жұмысын арнайы құрылған комиссия бақылайды. Ал синоптиктер шілдеде аптап ыстық күтетінін хабарлады.
Динара Ілиясова, синоптик:
- Ауа райы 27, 31 градус жоғары болады деп күтілуде. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары. Бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 33, 38, 41 градусқа дейін жоғарылайды. Екінші онкүндіктің басында күндіз 34, 39 градусқа дейін байқалады. Үшінші онкүндіктің басында күндіз 37, 42 градус.
Қазір әкімдік суарудың жаңа кестесін жасап жатыр. Алдағы уақытта қала тұрғындарына қолжетімді болу үшін ол әлеуметтік желілерде жарияланалды. Айта кетейік, биыл көгалдандыруға 848 млн теңге қарастырылған.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев