Келес ауданының халқы облыстық Спорт басқармасынан спорт алаңын салып беруді сұрайды
Себебі ауылда бірде-бір ойын алаңы жоқ. Келес ауданының халқы жергілікті әкімдіктен үміт болмаған соң облыстық Спорт басқармасынан мәселеге мән беруді талап етті.
Амангелді ауылының жастары аудан орталығына күн де қатынауға мәжбүр. Себебі ауылда спорттық үйірмелерге арналған жаттығу залдары жоқ. Елді мекендегі жалғыз футбол алаңы азып кеткен.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Мына алаңда доп тебу тұрмақ жаяу жүрудің өзі қиын. Тұрғындар: «Айналаны өз күштерімен қанша рет тазартқанымен, қаптаған жантақ пен шөп-шалаңнан арылу мүмкін болмай тұр», – дейді. Салдарынан қоршалмаған жер телімі мал жайылымына айналып, қараусыз жатыр.
Кезінде ауыл азаматтарының қолдауымен тұрғызылған футбол қақпасы сол күйі тұр. «Бірақ алаңда аяқ алып жүру мүмкін емес», – дейді тұрғындар. Біраз жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған жұрт стадионды заман талабына сай жабдықтап беруді сұрап отыр.
Базарбай Өміров, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Бұл стадионның аты бар да, заты жоқ. Негізі ешқандай құжаты жоқ. Құжаты болса, қаржы бөлініп, трибуналар, орындықтар жасауға болатын еді. 30 жылдан бері қаншама әкім ауысты, ешқайсысы бір әрекет жасаған жоқ.
Дидар Алпысбай – болашағынан зор үміт күттірген жас. Ол аудан орталығына жеті жылдан бері қатынап, футбол үйірмесіне қатысып жүр. Спорт мектептері арасында өткізілген облыстық сайыстарда команда үздігі атанып, белсенділігімен көзге түскен. «Бірақ бұқаралық спортқа лайықты қолдаудың жоқтығы қынжылтады», – дейді.
Дидар Алпысбай, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Кейде бара алмаймыз. Қаражат таппай қаламыз, такси болмай қалады. Жаяу барған кездеріміз де болды. Жаттығуға кешігіп, жаяу барып, жаяу қайттық. Өзімізде салынса, жақсы болатын еді. Артымыздан еріп келе жатқан інілерімізді тартып, осы жерде ойнап, аудан, облыстық деңгейде шығып, Қазақстанның атын шығаратын едік.
Ал ауылдық округтің әкімі елді мекендерді спорттық алаңмен қамту кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын айтады. Яғни бюджеттен жылына бір ғана шағын футбол алыңына қаржы қаралыпты.
Кеңес Халық, Біртілек ауылдық округінің әкімі:
- Жекеменшік әлеуметтік әріптестік бойынша мүмкіншілік бола ма деп бізге көмектесуге адамдар келді. Егерде ондай адамдар болса, жеріміз дайын. Әзірге Амангелді елді мекенінде спорт алаңы жоқ.
Жергілікті билік өкілдері Амангелді елді мекеніне стадион салу үшін кезек күтуге тура келетінін айтады. Ал баласы алты шақырым жердегі аудан орталығына қатынап жүрген ата-ананың шыдамы таусылған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов