Алматы базарларында жеміс-жидек бағасы шарықтап тұр
Мамандар қымбатшылықтың әртүрлі себебін айтуда. Біреулер сатушылар бағаны негізсіз көтеріп отыр десе, енді бірі ортадағы делдалдарды кінәлайды. Тіпті қанттың тапшылығы да жеміс-жидек бағасына әсер етпей тұр.
Жер жәннаты саналатын Жетісу өңірінде биылғы жаз жанға жайлы. Жауын-шашын көп болғандықтан жасыл желектер жайқалып, жеміс-ағаштары мол салған. «Жылдағымен салыстырғанда түсім жақсы», – дейді шаруа қожалықтары. Бірақ жеміс-жидек бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Олжас Бестібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Барлық нәрсе нарыққа байланысты ғой. Теретін адамдардың өзі 7 мыңнан тереді. Бір адам 7 мыңнан терген кезде бізге ар жағында аз қалады. Күнделікті суымыздың ақшасы бар дегендей. Қалатыны азын-аулақ. Сол себепті қымбат.
«Үш жылдан бері жеміс-жидек сатып, жан бағып жүрміз. Бірақ Үкіметтен ешқандай қолдау болмаған соң бағаны бізде арзандата алмаймыз», – дейді фермер. Ал мемлекеттен бөлінетін субсидия қарапайым қожалықтарға жете бермейді.
Биыл қала тұрғындары: «Тосап жасап, компот іше алмайтын болдық. Өйткені жеміс-жидек қана емес, қанттың да бағасы қымбаттап кетті», – деп отыр.
Айғаным Сұртай, қала тұрғыны:
- Қазір жеміс-жидектер қымбат. Тосап жасайық десек, малина аламыз, малина алсақ, қант қымбат. Барлық базарларда қымбат.
Тамара Амраева, қала тұрғыны:
- Тосап, компот жасау керек. Қыс келе жатыр. Бәрі қымбат. Жазда кішкене арзандатса болады ғой.
Ал базардағы саудагерлердің де өз уәжі бар.
Ольга Сүлейменова, сатушы:
- «Алтын Орда» базарының өзінде қазір тауар қымбат. Өйткені ол жақта да өз шығыны бар: кірген кезде төлейсің, жүк түсіргенге бересің. Оны әкелудің өзі қымбат. Есесіне биыл қант қымбат. Тосап, компот жабуға елдер қиналып жатыр. Биыл арзан нәрсе жоқ, барлығы қымбат болып тұр.
Қазір қала базарларында таңқурай мен шиенің бағасы 2 мың теңгенің үстінде. Құлпынай да қымбат. «Біз жемістерге 100 теңгеден артық қоса алмаймыз. Өйткені алған тауарымызды бір күнде бітірмесек, шіріп кетеді. Ал қант тапшылығына байланысты биыл жеміс-жидек алушылар азайып кетті»,–дейді саудагерлер.
Жібек Әжібаева, Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті:
- Біз соңғы уақытта астық шаруашылығы мен көкөніске көбірек көңіл бөліп, жеміс-жидек жайына қалды. Нәтижесінде жидек өсірушілеріміз дами алмай отыр. Сондай-ақ бізде тұқым қорына қатысты да мәселе бар. Қазір жидек ұрықтарын сырттан сатып аламыз. Осылардың барлығы бағаға әсері етеді.
Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы мамандарының айтуынша, біздегі жеміс-жидектердің басым көпшілігі Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінеді екен. Жақсы қолдау жасаса, өзімізде де өсіруге болады. Ал әзірге базардағы бағаның арзандайтын түрі жоқ.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов