Қостанайда 15 млрд теңге тұратын инвестициялық жоба толық жүзеге аспай қалуы мүмкін
Бастапқыда облыс орталығында ет комбинатын салуға 25 гектар жер берілген. Соның 14 гектарын қала әкімдігі келісімшартты бұзып, кері қайтарып алмақшы.
Қостанайдың шет жағындағы ет өңдеу комбинаты осыдан 3-4 ай бұрын іске қосылған еді. Оған бөлінген жер ауқымы – 11 гектар. Ал жобаның екінші кезеңінде 14 гектар жерге малдың қаны, сүйек, ішек-қарын тәрізді қалдықтарынан үй жануарларына арналған азық әзірлейтін зауыт салынуы тиіс еді. Бірақ қалалық әкімдік тарапынан келісімшарт біржақты бұзылғандықтан құрылыс тоқтап тұр.
Николай Бочанов, Ет өңдеу комбинаты директорының орынбасары:
- Біз өзіміздің ғана емес, облыстағы басқа да кәсіпорындардың, мың шақырым радиустағы өзге аймақтардағы комбинаттардың да қалдықтарын өңдейміз. Бұл сойылған малдың бар мүшесін қоқысқа лақтырып, ысыраптамай, кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Осындай экономикалық, экологиялық маңызы зор жобаның жолында әкімшілік кедергі шығып тұрғаны қынжылтады.
Әкімдіктегілер зауыт құрылысына берілген жер телімін қайтарып алмақ. Мұндай қадамға баруына инвестормен жасалған келісімнің шикілігі себеп болыпты. Алғашқы 11 гектар жер инвестициялық жобаға арналған деп көрсетілген. Ал кейінгі келісімшартта олай нақтыланбаған. Сондықтан оны аукционсыз бере салуға болмайды екен.
Қуаныш Накитов, қалалық прокуратураның бөлім басшысы:
- Ол телім кәсіпкерлерді қолдау картасына енбеген. Яғни инвестициялық жобаға арналғаны көрсетілмепті. Солай бола тұра, аукционсыз беріліп тұр. Бұл заңға қайшы.
Бұл жерде қалалық әкімдіктегілер де қауқарсыздық танытып отыр.
Диана Бикетова, қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің маманы:
- Екінші телімді инвестициялық жобалар тізіміне енгізу үшін облыс әкімінің қаулысын өзгерту қажет. Менің ойымша, бұл түйткілдің жалғыз шешімі осы.
Яғни алдымен жерді пайдалану мақсаты анықталуы қажет. Сосын барып қана инвестор жерге иелік етіп, мал қалдықтарын өңдейтін өңірде бірегей зауыттың құрылысын бастай алады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг