Мақат ауданындағы 24 жел генераторының құрылысы қыркүйек айында аяқталады
Осыдан 2 жыл бұрын басталған жоба қазір мәреге таяп қалды. Жылдың 7-8 айында толассыз қызыл жел есетін өңірден жаңа қуат көзін өндіру арқылы аудан экологиялық тұрғыдан таза, шығыны аз энергия көзін тапты. Сағатына 48 мың кВт электр энергиясын өндіре алатын 24 жел генераторының құрылысы қыркүйек айында аяқталады.
Қысы-жазы желі үзілмейтін мұнайлы өңір үшін желден электр энергиясын өндіру өте тиімді екені даусыз. Бұған дейін Исатай ауданына қарасты Манаш елді мекені маңайынан осындай жоба жүзеге асқан еді. Енді міне, Мақат ауданында жел электр стансасы бой көтерді. Қазір 500 гектардан астам аумаққа 24 жел генераторының қадасы қағылып, қаңғалақтары орнатыла бастады.
Әлижан Жұмабаев, электр желілерін жөндеуші:
- Қазір біз сегіз құрылғыны орнатып қойдық. Тоғызыншысы дайын болып қалды. Өндірілген қуат аудандарға, тұтынушыға таратылады. Зияны жоқ, альтернативті, экологиялық таза, шығын жоқ.
31 мыңнан астам тұрғыны бар 3 елді мекен мен 2 кент орналасқан ауданда электр қуатына деген сұраныс жоғары. Себебі мұнайлы Мақат атанған өңірде жаңа өндіріс орындары жыл санап көбейіп келеді. Аудан 12-15 мВт электр энергиясын тұтынады. Энергия тарифі жыл санап көтеріліп келе жатқаны да жасырын емес. Енді жаңа жоба жүзеге асса, ШОБ нысандары үшін айтарлықтай жеңілдік болары сөзсіз.
Берлібек Айтқожаев, учаске басшысы:
- Жобаның 70% аяқталып тұр. Бұл жерді таңдаған себебіміз, үнемі жел болып тұрады. Қажетті заттардың барлығы жеткілікті. Адамдар бар. Белгіленген уақытта бітіруге тырысып жатырмыз.
Қазір жоба құрылысында 50-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым көпшілігі – жергілікті азаматтар. Келешекте арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін шыңдайтын болады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Жоба толық жүзеге асқанда бұл жел электр стансасы сағатына 48 мВт дейін қуат бере алады. «Бұл дегеніңіз, Мақат секілді екі ауданды толықтай қамтуға жетеді», – дейді мамандар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов