Атыраудағы қымбат аялдамалар тұрғындарға сая болмай тұр
Кезінде қыруар қаржы бөлініп, сатып алынған нысандар тұрғындарға сая болмай тұр. Қыста жылыту жүйесі, жазда салқындатқышы жұмыс істемейді. «Тазалығы да көңіл көншітпейді», – дейді тұрғындар.
Осыдан 3 жыл бұрын қолданысқа берілген аялдамаларды көріп, мұнайлы шаһар тұрғындары бөркін аспанға атып еді. Бірақ қуаныштары су сепкендей басылды. Жергілікті бюджет есебінен әрқайсысы 12 млн теңгеге алынған аялдамалар қазір қаңырап, бос тұр. Аязды күні тұрғындарға пана бола алмаған нысандар енді аптап ыстықта да кәдеге жарамайды.
Қазір қалада 22 жабық аялдама бар. Жазда оның ішінде отырып көлік күту мүлде мүмкін емес. Тазалығы да сын көтермейді. Жауаптылар аялдамалардағы салқындатқыш қазір тексеруден өтіп жатыр деп ақталып отыр.
Нұрсұлтан Сәуенов, қалалық ТКШ секторының бас маманы:
- Қазіргі таңда 22 аялдаманың барлығына Сенімгерлік басқару техникалық байқау жүргізіліп жатыр. Аяқталған уақытта салқындатқыш жүйесі қосылады. Нақты күнді айту қиын.
Үш жылдан бері осы мәселенің түйіні шешілер емес. Салқындатқыштар тексерістен өтіп болады дегенше, жаз да аяқталатын болар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин