Алматының жаңа бас жоспары әзірленіп жатыр
Мегаполистің әкімі Ерболат Досаев елордаға келіп, Алматыны дамытудың алдағы жоспары туралы айтты.
Ерболат Досаевтың Алматының әкімі болып тағайындалғанына 5 ай енді толды. Қаңтар оқиғасынан соң Президент оған «нағыз, алматылық рухты қайта жандандыруды» тапсырған.
Жалпы, сол оқиғадан қала енді айығып келеді. Сол бүлікте зардап шеккен бизнеске өтемақы төлеу толығымен аяқталды. Әкімнің айтуынша, қаланың экономикалық даму көрсеткіші де оңалды. Соңғы бір жылда мегаполистегі шағын және орта бизнестің үлесі 19,5% артқан.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Осы жылдың басынан бері 16 300 жұмыс орны құрылды. 3 354 балабақша ашылды, 45 км инженерлік желі салынды. Қала экономикасының негізгі саласы – сауда жыл басынан бері алғаш рет 1,7% өсті.
Болжам бойынша, 2030 жылға дейін Алматы халқының саны 4,5 млн адамға жетеді. Осынша адамның тұруына қаланы жайлы ету үшін жаңа бас жоспар қажет. Ол әзірленіп жатыр, осы жылдың соңына дейін аяқталады. Басты талап – қаланы ыңғайлы әрі қауіпсіз ету. Сондықтан енді шаһарда бастауыш мектептер тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарына орналасуы мүмкін.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Алматыда «басқарылатын тапшылық» ортамерзімді саясаты іске асырылады. Жаңа мемлекеттік және жекеменшік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін 1 460 орындық 17 балабақша ашылады.
Бұл қаланы да қымбатшылық қысып барады. Жыл басынан бері 6% инфляция 10,3% жеткен. Ерболат Досаевтың айтуынша, жергілікті билік бағаны барынша ұстап тұруға тырысып-ақ жатыр.