Ақмола облысының ауылдары жол азабын тартып отыр
Тұрғындар: «Аудан мен облыс орталығына жақын жатсақ та, осылай жол азабын тартып отырғанымыз қынжылтады», - дейді.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Бұл бағыттағы жолдың 90% дәл осындай ойдым-ойдым десек, артық айтқандық емес. Ал онымен бір емес, бірнеше ауылдың тұрғындары күнделікті жүруге мәжбүр. Себебі аудан және облыс орталығына баратын бұдан басқа жол жоқ.
Сөйтіп, бұл жолдың бойындағы ауыл халқы қандай жаман болса да, жыл он екі ай амалсыз осы жолмен қатынайды. Оның нашарлығы соншалық, айналдырған 10 шақырым жерді көлік жүргізушілері жарты сағаттан астам уақыт жүреді.
Маржан Смайылова, Кеңөткел ауылының тұрғыны:
- Міне, осындай жолдың арқасында көлігіміз сынады. Қосалқы бөлшектер деген қымбат. Қыстыгүні көп қиындыққа ұшыраймыз. Осы жолды істесе, жақсы болар еді.
Асхат Темірғалиев, Қошқарбай ауылының тұрғыны:
- Көлікті жылына 2-3 рет оңдаймыз. Оның бәрі – ақша. Келіншегім көрші ауылда жұмыс істейді. Күнде осы жолдармен апарамын. Жүру қиын.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл жол 90-жылдары тәуір болған екен. Кейіннен онымен жүк көліктері көп жүріп, тас талқанын шығарыпты.
Әлібек Рақышев, Қошқарбай ауылының тұрғыны:
- Мына жол бұрын асфальт болған. Грузовойлар су тасып, шаруасын бітірді. Жолды істейтін адам жоқ. Әкім уәде береді, бірақ істемейді.
Әкімдікке біз де бардық. Жолға жауапты деген аудандық бөлім басшысы аудан бойынша жол жөндеуге 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты. Алайда оның ішінде Кеңөткелдің жолы жоқ. Бірақ: «Алдағы жылдары жөндейміз», - деп сендірді.
Серік Сабыров, Зеренді аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:
- Бірақ бұл тез бітетін шаруа емес. Себебі әзірге тек жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Бәрі уақытымен реттелсе, асфальт төсеудің алдындағы дайындық жұмыстары келесі жылы басталуы мүмкін. Ал жолды толық қалыпқа келтіру ісі одан кейінгі жылдардың үлесіне қалады.
Ал әкімдік әзірге тек қиыршық тас төсеп, ой-шұқырын тегістеумен ғана шектелмек. Осылайша, жергілікті билік өкілдері бұл жолдың нақты қашан толық жөнделерін дөп басып айта алмады. Сондықтан тұрғындар әлі жылдар бойы жол азабын тарта беретін түрі бар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный