Хабар телеарнасы

Екібастұзда тағы бір роботталған кәсіпорын пайда болады

Бұл мемлекетіміздің өндірістік тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Жоба бірінші кезекте мемлекет қолдауының арқасында, екіншіден Қазақстан-Германия арасындағы жұмыс тобы жүргізген сауда-экономикалық ынтымақтастығының нәтижесінде мүмкін болды.

Ұсталық-құрсау бұйымдарына  әлемдік теміржол саласында сұраныс жоғары. Соңғы жылдары бұл заттарға тапшылық байқалған.

Сергей Павлингер, Railways Systems KZ қауымдастығының негізін қалаушы:

- Бұл негізінен соғылған бұйымдар, жетек тістегіштер. Бүгінгі таңда еліміз үшін де қажеттілік туындап отыр. Тісті доңғалақтар тапшы. Себебі мұндай өнімдер шығаратын өндіріс жоқ. Тіпті ТМД мемлекеттері мен жақын Еуропа елдерінде осы тектес кәсіпорындар тапшы.

Бүгінде Ресейдегі локомотивтің басым бөлігін жасайтын «Трансмашхолдинг» АҚ, сондай-ақ американдық General Electric және француздың Alstom компаниясы өкілдерімен өнімдерді жеткізу мүмкіндіктері жөнінде келісімге қол жетті.

Әбілқайыр  Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

- Толығымен ішкі нарықты осы өнімдермен қамтамасыз етеді. 75% болашақта экспортқа шығарылады. Әрине, барлығы осы Екібастұз қаласының экономикасын әртараптандыру мақсатында іске қосылып жатқан жоба.

Жаңа зауыттың құрылысы Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге аспақ. Бұл – Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырып отырған ең ірі жобалардың бірі. 

Нұрлан Байбазаров, ҚР «Өнеркәсіпті дамыту қорының» басқарма төрағасы:

- Өнеркәсіпті дамыту қоры жобаға қаржылай қолдау көрсетті. Осының арқасында Еуропадан жоғары технологиялы, заман талаптарына  сай келетін ең озық үлгідегі  құрылғылар алынады.

Зауыт 2024 жылы қолданысқа беріледі. Ал теміржол кластерін дамыту  мұнымен аяқталмайды. Келешекте жылына бір миллион тонна болат шығаратын құрыш құю зауытының құрылысын бастау жоспары бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов