СҚО-да көмірге сұраныс артып отыр
Себебі өткен жылы өңірде қара отын тапшылығы туындап, халық қар түскен кезде біраз сергелдеңге тап болған. Сондықтан тұрғындар жылыту маусымына ерте қамданып жатыр. Қазір теміржол тұйықтарында тіпті ұзын-сонар кезек басталған.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Қыстың қамын жаз ойлағандар қазір жаппай көмір сату орындарына ағылып жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Тіпті кезегін 5-6 сағаттап тосып тұрған жүргізушілер де бар.
Жаз шанасын, қыс арбасын сайлайтындар таң сәріден теміржол тұйықтарына жиналады. Олардың қатарында облыс орталығына ауылдан арнайы келгендер де бар.
Игілік Баймұратов, Астраханка ауылының тұрғыны:
- Біз Астраханка ауылынан келдік. Көмір бар екенін біліп, артып алдық. Мына жерден өте алмай тұрмыз. Өйткені осында істейтін жігіттер кезексіз өтіп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай, үш қатар болып өлшеуге кіріп жатыр.
Бүгінде қалада қатты отын сататын үш арнайы орын бар. Қазір әсіресе Шұбаркөл көміріне сұраныс артқан. Сондықтан күніне 150-200 көлікке дейін сатылады екен.
Бақытжан Тұрмұханбетов, Теміржол тұйығының басшысы:
- Он вагоннан тұрақты түрде келіп тұр. Бүгін бес вагон келді. Қалғандары жолда, 19 вагон келе жатыр. Халық ертерек алып жатыр, ол да бізге жақсы. Былтыр жазда бұлай болған жоқ. Қыста көмір жетіспеушілігінен халық дүрлікпейді деп ойлаймыз.
Әзірге көмір бағасы тұрақты. Бірақ күзде қымбаттауы мүмкін.
Әсем Айтолла, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Шұбаркөл көмірі – қала тұрғындары арасында сұранысқа ие көмірлердің бірі. Бағасы әзірге көтерілген жоқ. Бірақ күзгі уақытта бағасы өсуі мүмкін. Сондықтан да қысқы маусымға дайындықты қазірден бастауға қала тұрғындарын шақырамыз.
Бүгінгі таңда шаһарда 14 мыңнан астам үйде пеш жағылады. Оларға 70, ал облыс халқына шамамен 420 мың тонна көмір қажет.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов