Абай облысында Ертіс өзені арқылы кеме байланысы жандануы мүмкін
Жолаушыларға арналған су көлігін қаржыландыруға ниетті инвесторлар да бар. Сарапшылардың пікірінше, бастама жүзеге асса, жаңа облыстың экономикасына да, туризм саласына да тың серпін береді.
Экономист Асхат Дүйсембаев: «Семейдің транспорттық-логистикалық әлеуеті зор. 30 жыл бойы осыны дұрыс пайдаланбадық. Кезінде қалада «Жоғары Ертіс өзен параходы» деген үлкен мекеме болған. Өскеменге 70 параходқа дейін жүрген. Соны қайта қалпына келтіру керек. Ертіс арқылы жолаушы тасымалын да, жүк тасымалын да ұйымдастыруға болады», – дейді.
Асхат Дүйсембаев, экономист:
- Ертіс – үш мемлекеттің арасында жатқан өзен. 523 шақырым Қытайдан басталады, Қазақстаннан 1810 шақырым өтеді, Ресей – 2010 шақырым. Мұны неге пайдаланбаймыз? Семей өңірі дамиды. Ертіс көп адамды жұмыспен қамтиды және экономикасы өркендейді.
Ғалымның есептеуінше, Ертіс бойында Қытайдың 25 млн, Ресейдің 5 млн, Қазақстанның 2 млн астам халқы тұрады. Ең маңыздысы, өзенді бойлай бірнеше өндірістік қала орналасқан. Әрине, бұл – үлкен нарық. Ертісті тиімді пайдалану Семейдің ғана емес, Өскемен мен Павлодардың да экономикасын көтереді. Бастаманы қарапайым халық та құптап отыр.
Азамат Қасым, тілші:
- Егер Ертісте кеме жүретін болса, Семейден Павлодарға, Өскеменге ғана емес, Өскемен арқылы су жолымен Зайсанға дейін баруға мүмкіндік туады.
Абай облысының әкімдігі Ертісте жолаушылар мен туристерге арналған кеме байланысын қайта жандандыруға ниетті. Бұл істі қолға алуға дайын инвесторлар да бар.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Бізде инвесторлар бар. Ұсыныстар жетерлік. Бұрын Семей мен Өскеменге, Павлодар мен Омбыға дейін «Ракета» кемесі жүрген болатын. Кеме қатынасын қайта жандандырсақ жақсы болар еді. Семейден Өскеменге дейін шлюздерді есепке алғанда 3,5 сағаттай болады. Көбісі мінеді деп ойлаймын.
Ал «Қазақстан су жолдары» мекемесі Семей филиалы директорының орынбасары жолаушылардан гөрі жүк тасымалын жандандыру қажет. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді деп санайды.
Андрей Компанец, «Қазақстан су жолдары» РМК Семей филиалы директорының орынбасары:
- Павлодар мен Омбы қаласынан жүк тасуға болады. Негізі Семейге осы жұмыстың бәрін үйлестіретін логистикалық орталық керек. Кеме санын арттырып, инфрақұрылымды нығайту керек.
Семейде кеме құрастыру зауыты жұмыс істейді. Кезінде мыңға тарта жұмысшысы болған кәсіпорында 100-ге жуық адам қалған. Дүркіреп тұрған уақытта жылына 100 баржаға дейін құрастырған. «Қазір тапсырыс аз. Мемлекет тарапынан қолдау болса жұмыс қарқынын арттыруға әзірміз», – дейді осындағылар.
Әмір Ахмедзиянов, Кеме құрастыру зауытының директоры:
- Зауыттың әлі де әлеуеті зор. Кез келген кеме түрлерін құрастыра аламыз. Әрине, қаржылық тұрғыда, кадр бойынша мәселелер бар. Қазір еліміздегі бірде-бір оқу орнында кеме құрастыратын мамандар дайындалмайды.
Өскемендік инженер, кеме жүргізушісі Владимир Давыдовтың пікірінше, өзендегі жолаушылар тасымалын қалпына келтіру үшін ең әуелі өзен арнасын тереңдету керек. Екі қала арасында кеме жүргізудің шығыны көп. 3,5 сағаттық су жолына 700 литр мөлшерінде жанар-жағармай қажет. Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Медет Өмірханов, Дмитрий Пыхтин