Петропавлда шина өңдеумен айналысатын кәсіпкер экология департаментімен соттасып жатыр
Магар Афандиев тоз-тозы шыққан шиналарды қайта өңдеп, резеңке төсеніштер жасап шығарады. Биыл өндіріс орнын экологтар тексеріп, ескі дөңгелектердің дұрыс сақталмағанын анықтаған. Бірақ бұл шешіммен кәсіпкер келіспейді.
Магар Афандиев, кәсіпкер:
- Біз қазір экологтармен соттасып жатырмыз. Олар бізге: «Ескі шиналарды дұрыс сақтамадыңдар» деп айыппұл салғылары келеді. Ең қызығы, бұл дөңгелектерді жинап-өңдеп жатқан біз ғой?!
Кәсіпорында сағатына бір жарым тоннаға жуық шина өңделеді. Магар Афандиев: «Тұрғындар тапсыратын мыңдаған дөңгелекке арнайы қойма салу тиімсіз», - дейді. Оның үстіне зиянын да көріп тұрған жоқ.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Экологтар ескі шиналарды қалдықтар қатарына қосқан. Ал жаңаларын дәл осылай ашық аспан астында сақтауға болады екен.
Экология департаментінің қызметкерлері кәсіпорын жұмысын тұрғындардың шағымы бойынша жүргізген. Олардың айтуынша, ескі шиналар қалдық болып саналады. Ал оны сақтаудың бәріне ортақ тәртібі бар.
Азамат Бектасов, экология департаментінің басшысы:
- Стандарт бойынша жауынды сулар мен жер қойнауына зиянды заттар сіңбеуі үшін бетондау керек. Күннің көзі тікелей түспеуі үшін үстін жабық етіп істеуге болады.
Экологтардың айтуынша, кәсіпкер қабылданған қалдықтардың көлемі мен оны басқару жоспарын да көрсетпеген. Енді істің ақ-қарасын сот анықтайды. Тараптар бір-біріне апелляциялық шағым түсірді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов