Түркістан облысында егіс алқаптары қурай бастады
Себебі қара жерге себілген дәнге нәр жетпей, мыңдаған гектар егіс алқабы қурап жатыр. «Әсіресе ағын судың азабын тарттық» деген Талапты, Қарғалы ауылының шаруалары шарасыз халде отыр. Бақша дақылдары мен жүгері еккен олар алқаптарын осы уақытқа дейін бір де бір рет суғара алмапты.
Биыл 28 гектар жерге қауын еккен Бекжан Ибашевтың есіл еңбегі еш кеткелі тұр. Мамыр айынан бері тамырына нәр бармаған көкөніс түйнек салғанымен көктей қурай бастады. Пісіп жетілмеген алқапты енді қанша суғарса да сақтап қала алмаймыз деп ашынады.
Бекжан Ибашев, диқан:
- Осы жерге 12 млн шығын кетті. Өзімнің қаржым бар. 8 млн несие алғанмын. Өнімнен береміз деп қаншама техниканы жалдадық?! Ол қарыздардан қайтып құтыламын енді?! Қауынымыздың түрі мынау, қурап жатыр.
Ал Бақтияр Мәмбетәлиев алғашында арықтағы ағын судың азайғанын көріп арнайы сорғының көмегімен амалдап келген еді. Енді канал суы тартылған соң, ол ісінен де түк шықпай қалды. Осылайша, шарасыз халдегі шаруаның қарбыз алқабы кеуіп тұр.
Бақтияр Мәмбетәлиев, диқан:
- Су шаруашылығынан ақшаға алып келеміз. Одан бөлек каналымызға су келмейді. Оған қосымша күніне 15 мыңға дизель аламын. Тек шығын. Мына жақта 20 гектар жер шөлдеп жатыр.
Талапты ауылындағы 500 гектардан астам егіс алқабына қажетті су ША-9 каналынан тарайды. Аталған су арнасы «Қазсушар» мекемесіне тиесілі болғандықтан әр гектары үшін 4 мың теңгеден ақы төлеп тұтынады. Шарулар қаржыны егін маусымы басталмай жатып төлеп қойыпты. Бірақ ағын судың сиқы биыл да көптің көңілін күпті етті.
Қойшықұл Мамыров, Талапты ауылының тұрғыны:
- Су жоқ емес, бар. Су Бөгенде де, Қараспанда да тұр. Бірақ соны есептеп, жіберіп тұратын адам жоқ. Ауданның басшылары не жұмысты қоймайды, не су әкеліп бермейді. Елді шулатпай, басшылыққа жұмыс істейтін адам отырсын.
Ал «Қазсушар» мекемесінің басшылығы ағын судың тапшылығы тек Талаптыда ғана емес екенін айтады. Бар мәселені шешу үшін Қызылсу насос стансасын іске қосуға құрылыс жұмыстары жүргізілген. «Бірақ тұтынушылардың кейбірі қарыз ақысын төлемегендіктен бұл жұмыстар тұралап тұр», - дейді.
Нұрсұлтан, Мұхамеджан, тілші:
- Мамандар биыл да магистралды каналдың су деңгейі айтарлықтай төмендегенін айтады. Сондықтан арнаның су өткізу мүмкіндігі секундына 4 текше метрге дейін азайып кеткен. Егін алқабын суғару үшін ендігі іс Қызылсу су сорғысына қарап тұр.
Хамитбек Әлкей, «Қазсушар» РМК ТОФ Отырар өндірістік бөлімшесінің басшысы:
- Шаруалардың былтыр төлемеген 5 млн-дай қарызы бар. Қазір 3,9 млн қалды. Соның салдарынан Қызылсу насосын қоса алмай отырмын. Қазір жетпей отырған 3-4 кубты мен сол насостан қосып беретін едім. Сол кезде су бәріне жетеді.
Диқандар осы аптаның ішінде ағын судың мәселесі шешілсе, аз өніммен шығынды жабуға мүмкіндік болатынын айтады. Сондықтан жауаптылар шұғыл әрекетке көшіп, тұралаған шаруашылықты қалыпқа келтіріп берсін деп нақты талап қойып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов