Жаңақорған ауданында электр желілерінің 75-80% тозған
Сондықтан қазір жел тұрса болды, жарығы сөніп қала беретін көшелер көбейген.
Бұл – Жаңақорған кентіндегі көшелердің бірі. Жарық желілері әбден тозған. 50 жыл бұрынғы ағаш бағаналармен тұр. Ауа райы сәл құбылса, жарықтың сөнуі үйреншікті жағдайға айналған. Өткен жылы мамандар келіп, жамап-жасқаған екен. Соның өзінде жағдай оңала қоймапты.
Үмбетәлі Абибуллаев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:
- Былтырлары шамалы трансформатор қойып, қосымша жұмыстар жасалынған. Соның өзінде әлі жетіспейді. Тартылған электр сымдары өте ескі әрі қолайсыз. Оның үстіне әр үйге бөлек тартылған.
Жаңақорған кентіндегі жарық желілері өткен ғасырдың 80-90 жылдары пайдалануға берілген. Содан бері үзілген жері жалғанып, қисайған жері түзеліп, қырық құрақ күйге түскен. Сондықтан ауылдық елді мекендерді айтпағанда, аудан орталығының өзінде жарыққа жарымай отырған көшелер көп. «Биыл соның біршамасы жаңаланады», – дейді мамандар. Ол үшін республикалық бюджеттен 900 млн теңге бөлінген.
Мәлкаждар Ниязхан, мердігер мекеме директорының орынбасары:
- Биылға 28 дана КТПН ауыстырамыз, әр трансформатор стансасына 10 вольттық желілер тартамыз. 60 шақырым тартып, бірінші траншты қараша айында бітіреміз.
Жалпы Жаңақорған ауданы бойынша бүгінде электр желілерінің 75% тозған. Ал бір ғана аудан орталығындағы электр желілерін толық жаңалау үшін жасалған жобаның құны 3,5 млрд теңгені құраған. Оның қалған бөлігі келесі жылы бөлінеді екен.
Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Жалпы аудан бойынша елді мекендердің де жағдайы осындай. Осыған байланысты біз жағдайы төмен 9 елді мекеннің электр желілерін жаңғырту бойынша жобаларды жасадық. Жобалардың құны 2,5 млрд теңге болды. Ол жобаны облыстық Құрылыс басқармасы арқылы республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша келесі жылға ұсынып отырмыз.
«Жобаға сәйкес қомақты қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары толық аяқталған жағдайда аудандағы электр желілері 70-80% дейін жаңаланады», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов