БҚО-да еңбекқор отбасы ағаштан тұрмыстық жабдықтар жасауды тұрақты табыс көзіне айналдырып отыр
Шыңғырлау ауылының азаматы енді кәсібіне заманауи техникаларды енгізе бастапты.
Жергілікті тұрғын Талан Кенжетаевтың ауласына кірген бойда кең өндіріс орнына еніп кеткендей болдық. Әр жерде ағаштан жасалып жатқан бұйымдар тұр. Ал сарайдың іші құрал-жабдыққа толы.
Талан Кенжетаев, шебер:
- Ағаштан жасалатын заттардың бәрін жасаймыз. Үй бұйымдары, ағаш жиһаздарын жасау үшін бізде 12% ылғалдылық болады. Бізге су ағаштары жарамайды. Менің таңдағаным халыққа барады. Біреуге ұнамай қалса, лақтырып тастауы мүмкін.
Әсіресе оңай құрастырылып, қайта жиналатын бесіктерге сұраныс көп. Сонымен қатар есік-терезе, үстел, кәдесыйлар тұрақты жасалып тұрады. Шебердің ұлы Ұлан жоғары оқу орнын бітірген. Мамандығы – дизайнер. Ол кәсіби білімін енді әкесінің шеберханасын жетілдіруге жұмсап жүр. Қазір өндірістің негізгі бөлігін бір-ақ тетікпен тындыру мүмкіндігі туды.
Ұлан Дәулетшиев, шебердің ұлы:
- Балталап істейтін жұмыс жоқ. Бәрі компьютер, заманауи технология бойынша қолданылады. Мысалы, мына бесікті біз қолмен ойып жасайтын болсақ, ол бірапталық уақытты алады. Ал компьютердің көмегімен ол бір сағатта кесіп береді де, сосын әрі қарай жеңіл-желпі жұмыс қалады.
Отбасылық кәсіптің өрісі едәуір кеңейгенін көзімізбен көрдік. Санаулы сағатқа созылған түсірілім кезінде-ақ тұтынушылар келіп жатты. Мәселен, Темірғали ақсақал шеберге талай мәрте тапсырыс берген екен.
Темірғали Дәулетқалиев, Шыңғырлау ауылының тұрғыны:
- Екі терезе жасаттырмақшы болып келіп отырған жайым бар. Талай үйіме терезе жасатқызып алдым. 6-7 жыл өтіп кеткен шығар. Әкесін көргенмін, шебер адам. Ізін басып, содан үйреніп, осындай дәрежеге жетіп, еңбек етіп жатыр.
Шеберді толғандырған мәселелер де бар. Соңғы жылдары нарықта материал бағасының күрт қымбаттап кетуі едәуір кедергі келтіріпті. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу әдісімен тапсырыс қабылдау мүмкіндігі аз болып тұр.
Талан Кенжетаев, шебер:
- Мемлекеттік сатып алуға кірсең, бүкіл Қазақстан көреді. Одан қалды алпауыт фирмалар ұтып алады. Біз сияқты шағын фирмаларға тіпті аудан арасында қатысуға мүмкіндік болса екен дейміз.
Адал еңбек пен маңдай тердің арқасында қолөнерді күнделікті табыс көзіне айналдырып үлгерген отбасы көпке үгі болып келеді. Олар алдағы уақытта өндіріс қуатын одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов