ШҚО-да су көліктеріне жаппай тексеріс жүргізілуде
Кейбір автомобиль мінген жүргізушілер сияқты су көлігін тізгіндеген кей азаматтар да құжаттарын үйде ұмытып кетеді екен. Мұны Шығыстағы Бұқтырма өзенінде білек сыбана тексеріс жүргізіп жатқан көлік инспекциясы мен Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері анықтады. Капитандардың құжаттарынан бөлек, құтқару кезінде қолданатын құрал-жабдықтарының бар-жоғы түгенделуде.
Жақында Бұқтырма су қоймасында қатты желден туристер мінген теплоход аударылып қалған болатын. Сарапшылар су көлігінің батуына себеп болған жайларды жан-жақты қарастыруда. Өзенде қатынап жүрген барлық көлік атаулы жаппай тексеріліп жатыр.
Виктор Поликарпов, теплоход капитаны:
- Ең әуелі ауа райына назар аударғанымыз жөн. Әсіресе қатты дауылды байқау керек. Біздің бұғазда 3 үлкен теплоход бар.
Инспекторлар әр кемені осылай шұқшия тексеруде. Құтқаруға қажет құрал-жабдықтар мен су көлігінің жарамдылығын дәлелдейтін құжаттарды салыстырып, бар-жоғына көз жеткізуде. Скутермен суда арлы-берлі сайран салып жүргендер де назардан тыс қалған жоқ. Екі күнде арнайы жейдені кимей, құжаттарын үйде қалдырып кеткені үшін алты әкімшілік хаттама толтырылған.
Айдос Беков, ҚР ИИДМ көлік комитеті ШҚО бойынша Көлікті бақылау инспекциясының бас маманы:
- Тексеру барысында көз жеткізгеніміз, қолдарында құжаттары болмады. Өздерімен бірге алып жүрсе, су болып қалады. Жағада көліктеріне қалдырып кетеді.
Ал Төтенше жағдай департаментінің мамандары суға шомылу маусымы басталғалы бері 3 мыңнан астам рейд жүргізіп, бірқатар кемшілік анықтапты.
Арман Тоқанов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өкініштісі, екі облыстың аумағында шомылу маусымы басталғалы 18 адам суға кетті.
Құтқарушылардың айтуынша, оқыс оқиғалардың тіркелуіне көп жағдайда демалушылардың өздері кінәлі. Қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Алайда өңірде шомылуға рұқсат етілген жайлы жағажай да көп емес. Олардың саны бар болғаны – 16. Жалпы аймақта 2 мыңға жуық су айдыны болса, соның 116-сына облыстық мәслихаттың шешімімен суға түсуге тыйым салынған.
Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин