QazaqGaz компаниясы қызметкерлерінің айлығы көтерілді
Бұл мекеме Жамбыл облысындағы өнеркәсіп саласы мен жергілікті тұрғындарды сапалы көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.
Шыңғыс Бәкежанов «Амангелді Газ» ЖШС-де 17 жылдан бері қалтқысыз қызмет атқарып келеді. «Кәсіпорынның материялдық-техникалық базасы жыл санап жаңарғандықтан, еңбек өнімділігі де жоғары», - дейді. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында зауыттың газ жинау операторы қызметіне дейін көтерілген маман өз әкесінің есімімен аталатын мекемеде жұмыс істейтінін мақтан етеді.
Шыңғыс Бәкежанов, «Амангелді Газ» ЖШС газ жинау операторы:
- 1971-75 жылдары аралығында осы жерде геофизиктер жүрген. Сол кезде скважиналар қазылды. Әкем осы жерде мал бағатын. Сол мал баққан жерде газ шықты да, осы жерге геофизиктер әкемнің атын қойып кетті.
Жапан далада бөгде адамдарға құрметін көрсетіп, төрін ұсынған Амангелді ақсақал осылайша құрметке бөленді. Мекеме уәде еткендей ұлын оқытып, тұрақты жұмысқа орналастырды. Бүгінде 83 жастағы қария немерелерін құшағына басып, ұлының ісіне батасын беріп отырады.
Ал Ержан Қарабалаев болса осыдан 12 жыл бұрын жол картасы бағдарламасымен зауытқа қарапайым жұмысшы болып орналасқан. Қазір білікті маман газ өндіру ісіне араласып, шын шеберге айналды. Бұл аймақтағы 39 ұңғымадан алынған сұйық отын жоғары қысымдау стансасына жөнелтіледі.
Ержан Қарабалаев, «Амангелді Газ» ЖШС технологиялық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсетуші шебері:
- Вахталық қалашықта медициналық қызметкерлер, спорт алаңдары бар. Барлық жағдай жасалған. Арасында отырып кітап оқуға да жағдай бар. Демалыс орнына да жібереді. Балаларды жазғы демалыстық лагерьге жібереді.
Еңбек адамдарының нәтижелі жұмысына сай қолайлы жағдай жасау мекеменің басты қағидасына айналды. Тек 2022 жылдың өзінде «Самұрық-Қазынаға» қарасты мұнай-газ компанияларында 55 мың адамның айлық табысы артқан. Жұмысшылардың жалақысын теңестіру мақсатында табыс көрсеткіші 7%-тен 45% көбейген.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Анастасия Сүлейманова, Руслан Ахатіллә