Алматылық ерлі-зайыптылар ертегідегі сарайларға ұқсас үй тұрғызып келеді
Соңғы уақытта Алатау бөктерінен ертегідегі сарайларға ұқсас зәулім үйлер де бой көтеріп келеді. Оларды салып жатқан – үлкен құрылыс компаниялары емес, қарапайым ғана қала тұрғындары.
Адам баласының қолынан келмейтіні жоқ. «Ең бастысы қызығушылық болып және алдына қойған мақсатына жету үшін аянып қалмау керек», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ольга Шин. Мамандығы құрылысшы болмаса да, күйеуі екеуі балаларына ертегідегі сарайларға ұқсас үй тұрғызуды көптен армандапты. Сол армандары жүзеге асып, қазір бұл отбасының тұрғызып жатқан үйіне көпшілік қызыға қарайды екен.
Ольга Шин, қала тұрғыны:
- Уолт Диснейдің мультфильмдерін талай көрдік. Сондағы зәулім сарайларды, жасыл саябақтарды көріп, менің де балаларым осындай үйде тұрса деп армандаушы едім. Сол мақсатқа жету үшін ерінген жоқпын. Тіпті Германияда тұратын қызыма барып, сәулет әлемінің барлық иірімдерін зерттедім. Тірнектеп ақша жинап, тәуекел деп 2009 жылы құрылыс жұмыстарын бастап кеттік.
Төрт қабаттан тұратын ертегі сарайы секілді зәулім үйдің сыртқы жұмыстары бітуге таяған. «Енді ішкі жұмыстары басталады», – дейді. Үйдің сыртқы келбеті ғана емес, ауласы да көздің жауын алады. Әртүрлі жеміс-жидектер, балалардың ойын алаңы, осының барлығын көгілдір экраннан көріп жүрген Диснейлэндтің ертегілер елінен еш кем емес.
Ольга Шин, қала тұрғыны:
- Үйді саламыз деп жүргенде балаларымыз да есейіп кетті. Енді немерелеріміз қызықтайтын болады. Жалпы болашақта бұл жерді балалар орталығына айналдыру жоспарда бар. Әр қабатында әлем халықтарының ертегілерінен көріністер жасап, осында келген жас өрендерді ерекше күйге бөлегім келеді.
Отбасымен бірге ертегідегі сарайда тұруды армандаған Ольга Шин сол мақсатына жетуге бір табан жақын тұр.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов