Петропавлдық кәсіпкер қалқымалы кемелер құрастырады
Айдын көл мен самал жел. Петропавлдағы Алакөл көліне келген демалушылар кемеге мініп, керемет көріністің куәсі болады. Судың ортасынан жарда тұрған қала қайталанбас кейіпке енеді.
Лилия Суслова, қала тұрғыны:
- Бұл кемеге бірінші рет мініп тұрмын. Маған ұнады. Жақында Еділ өзенінде болғам. Онда да осылай.
Бұл қалқымалы кемені қала тұрғыны Виталий Анисимов бір қыста жасап шығарды. Ұзындығы 9 метр. Ал салмағы 4 тонна тартады.
Қазір кәсіпкер тағы бір қалқымалы кемесін құрастырып жатыр. Бұл жолғысы 16 метр болады. Әзірге, оның қаңқасы ғана жиналған.
Виталий Анисифоров, кәсіпкер:
- Барлық бөлшегін өзіміз дәнекерлеп құрастырамыз. Ал құрал-жабдықтары мен қосалқы бөлшектерін сатып алып орнатамыз. Бұл кеме Есіл өзеніне арналған. Оның бойында қайталанбас орындар жетерлік.
Өкінішке қарай, кәсіпкердің жобасы жергілікті билік өкілдерін қызықтырмай тұр. Виталий Анисифоров ауыр кемесін көктем сайын құрастырып, күздің соңында қайтадан жинап әкетеді. Сондықтан жағалаудан жалға жер сұрайды.
Виталий Анисифоров, кәсіпкер:
- Кемеге тұрақ керек. Жыл сайын құрастырып жинау – қып-қызыл шығын. Ал қазір құрастырып жатқан кеме бұдан да ауыр. Онда қайтеміз?! Бұған дейін әкімдік қызмектерлерімен кездесіп сөйлескенбіз. Бірақ жауап болмады.
Бұл – облыстағы осындай жалғыз жоба. Кәсіпкер қазір жинап жатқан кемесін Есіл өзеніне келесі жылы жіберуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев