Бұрынғы әскери қызметкер шопан таяғын ұстады
Бүгінде мал басын бес мыңға жеткізген және ол мұнымен шектеліп қалмақ емес.
Алмат Жарасбаев самбо, қоян-қолтық ұрыс түрлерінен спорт шебері. Арнайы әскери бөлімдерде қызмет атқарған. Уақыт өте оның ата кәсіппен айналысамын деген арманы басым түсіп, ауылға оралады. Шопан таяғы Алмат үшін таңсық емес. Бәлен жыл мал шаруашылығының маманы болған әкесінен алған тәлім-тәрбиесі бар. Өзінің де алғашқы мамандығы ветеринар. Сондықтан тосырқамай бірден бел шеше кірісті. 70 қойдан бастаған ол бүгінде Шопан ата түлігінің санын бес мыңға жеткізді және біркелкі асыл тұқымды қазақы Еділбай қойлары төзімді, тез қоң жинайтын, еті құнарлы өз қойларымызды әлемге таныта алмай отырмыз дейді Алмат.
Алмат Жарасбаев, кәсіпкер:
-Бүкіл әлемге көрсету керекпіз. Негізі бұл біздің қазақи сапалы өнім. Маған мүмкіндік берсе ғой, жүз шақты қошқар, өте сапалы қойды мен апаратын едім бүкіл ауылшаруашылық көрмеге қазақ елінің дәстүрін, қазақ елінің өнімін, жануарларын көрсетіп.
«Қой өсірудегі қиындықтар шаш етектен. Бағылым жерлері елдімекеннен қашықта. Қатынас қиын. Жайылым бар болғанымен, суат, көлдер жоқ. Сондықтан бірнеше жерден ұңғыма қазуға тура келген. Қарабалық ауданының Ресеймен шекаралас шет аумағында болғандықтан ұры-қаралар да жиі мазалайды екен. Ең бастысы асыл тұқымды қой басына берілетін 4 мың тенге субсидия тым аздық етеді» — дейді. Бұл турасында министрлікке ұсыныс айтылғанымен әзірге жауап жоқ.
Ернар Өртембаев, Қарабалық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Биыл өзгерістер енгізілгенде асыл тұқымды субсидиялау ережесіне сонда біз көбейтуді сұрағанбыз. Жаңағы шындығын айтқан кезде соңғы 3-4 жылда нормативтер жағы бір орында тұр деп айтуға болады. Соңғы екі-үш жылда жаңағы азығы болсын, жалпы малды ұстау қымбатшылыққа түсіп жатыр. Нормативтерді қарастыру жағы, өзгерістері кішкене кешігіп жатыр.
Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан Алмат алған бетінен қайтпақ емес. Асыл тұқымды қой санын 20 мыңға жеткізіп, елімізде теңдесі жоқ селекциялық орталыққа айналдырам деп отыр. Экспортқа да шығармақ ойы бар.
Алмат Жарасбаев, кәсіпкер:
-Мынау жайылымға ең жақын ауыл 80 шақырым. Су жоқ мұнда, электричество жоқ, байланыс, ұялы байланыс жоқ. Соған қарамай қоймен айналысамыз. Мен осында ұлдарымды алып келдім. Отбасымды алып келдім. Айналысамыз не болсада.
Алматтың қой жүнін өңдейтін цех ашу да жоспарында бар. Қазір ол турасында келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг