Павлодарда Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды
Төте жазумен жазылған кітаптың 93 беті сақталыпты. Әбден ескіріп, беттері сарғайып кеткен туынды ұзақ жылдар Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымовтың үйінде сақталған. Бастапқыда "Масаны" құран кітабымен шатастырған ол туындыны мешітке беру туралы шешім қабылдайды. Алайда мешіт қызметкерлері «құран кітабы емес», — деп кері қайтарған. «Маса» кітабы екені белгілі болған соң, музейге тапсырады. Кітаптың мұқабасы сақталмаған. Сондықтан қай жылы шыққанын дөп басып айту қиын.
Ербол Қайыров, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:
-Сұрыптап қарасақ, бұл негізінде үш кітап болып шықты. Соның ішіндегі біреуі осы Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» деген жинағы. Бұның ішінде сол «Маса» деген жинақтың ішінде сол кездегі хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі, сол әлеуметтік жағдайы жөнінде жазылған өлеңдер ғой. Оның ішінде Лермонтовтан аудармалар да кіргізілген.