Елімізде әр сала бойынша ауыл әйелдерінің рөлі арта түседі
200-ге жуық адам қатысқан шарада қоғамдағы әйелдер белсенділігін көтеру жолдары айтылды.
Жәния Ұзақбаева екі жыл бұрын ғана тез дайындалатын тағам түрлерін ұсыну бойынша кәсіп бастауды қолға алған. Алдымен өз үйінде әзірлеп, кейін қажетті бөлме жалдады. Жобасының үздік екендігі гранттар байқауында да анықталған. Нәтижесінде жеңімпаз атанып, керек жабдықты иеленді. Қазір жеке дәмхана ашуды ойлап жүр.
Жәния Ұзақбаева, форумға қатысушы:
-Мұндай форумның ауыл әйелдері үшін берері көп. Мәселен, бизнесті дамытудың жолдарын іздеп, қажетті кеңестер алуға болады. Мен өзім қаржыны тиімді игерудің әдіс-тәсілін үйрететін шеберлік сағатына қатыссам деймін. Өйткені бұл мен үшін аса маңызды.
Форум ауыл әйелдерінің ел өміріндегі белсенділігін арттыруға бағытталған. «Тіпті саяси және өзге де салаларда олардың рөлі айқын болуы керек», – дейді ұйымдастырушылар. Ал «AMANAT» партиясы бұл үшін бірнеше жоба әзірлеп, іске асыруға кіріскен. Шара барысында бірқатар сала бойынша ауылдықтардың өмір сапасын көтеруге арналған бағдарламалар да айтылды. Оның ішінде білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса көңіл бөлінген.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бүгінгі форумның негізгі мақсаты енді мен білім саласы бойынша мәселелер көтеріп отырмыз. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын азайту мәселесі қойылған. Бір кездері Ақтөбе өте білім жағынан алда болған өңір ретінде қазіргі таңда үлкен жұмыстар атқарылуы қажет деген ойдамыз.
Бұл – мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер, мұғалімдер және өзге де ұйым өкілдерінің басын қосқан алғашқы форум. Енді шараны елдің басқа да аймақтарында өткізу жоспарда бар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков