Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жол жөндеу жұмыстарын назарда ұстап отыр

Бұл жұмыстарға бюджеттен 18 жарым млрд теңге бөлінген. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 5 учаскені бақылауға алды.

Марғұлан Мұқашев, Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының орынбасары:
- Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жол жөндеу жұмыстарына байланысты 4 сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Бір іс қызметтік лауазымын асыра пайдалану фактісі бойынша болса, үш іс бюджет қаржысын жымқыру бойынша қозғалған.

Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде Қарқаралы ауданында техникалық қадағалаусыз жол жөндеу, Бұқар жырау ауданында асфальт жабынын төсеудің технологиясын бұзу, ал Осакаров ауданында кент ішілік жолдарды жөндеуде жұмысын толық орындамау сынды заңсыздықтар тіркелген. Сондай-ақ Қарағандыдағы қосалқы көшелердің бірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары араласқан соң, он жыл күткен асфальт төселген.

Наталья Гаас, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Жол шұрық, тесік. Жүру мүмкін емес болатын. Көтерілген шаң бау-бақша мен үйге кіріп, мазаны алатын еді. Жемқорлыққа қарсы қызмет араласып, бізге де жол салып бергені қуантады.

Молодежный кентінде де тұрғындар жол сапасына шағымданып, жұмысқа жемқорлыққа қарсы қызмет араласқан соң, мердігерлер 400 метр жолды қалыпқа келтірген. Ведомства өкілдері қоғам белсенділерімен де тығыз байланыста. Нәтижесінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бірнеше учаскесіндегі жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мүмкін болды. Олқылықтар жойылып, жұмыс жалғасын тапты.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зулпыхар