Ақтөбе облысында жемқорлардың қаражатына мектеп салынады
Ақтөбе облысында осындай ақшаға мектеп салынайын деп жатыр. Өңірдегі жер қатынастары саласында әшкере болған екі қылмыстық іс бойынша 197 млн теңге көлеміндегі шығын өтелген. Бұл қаражаттың бір бөлігі, яғни 150 млн теңге Мұғалжар ауданындағы Құмжарған ауылының мектебі құрылысына жұмсалмақ. Білім ордасы үш жыл бұрын қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда құрылысы тоқтап қалған. Қосымша қаражат бөлінген соң, өзге компания іріктеліп алынып, ғимаратты жыл соңына дейін аяқтау ету міндеттелген. Ал қайтарылған қаржының қалған бөлігіне облыс орталығында ірі спорт алаңы салынады.
Дәурен Ерғарин, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстар ол біріншіден, жер қатынастары бойынша, екіншіден, полиция, үшіншіден, мемлекеттік сатып алу саласында. Жыл басынан бері 109 қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлық санатындағы 51 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істер бойынша өндірілген қаражаттың көлемі - 197 млн теңге.