Смайылов: Бизнеске қойылатын артық талаптарды жою керек
Премьер-министр Әлихан Смайылов кәсіпкерліктің дамуына қатысты өткен жиында осы мәселеге баса назар аударды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов 44 кәсіптің 26 саласында бұл жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Ал келер жылдың басында аталған істі аяқтау жоспарланып отыр. Қазір бұрын талданған 18 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай өндіру, көлік және сауда бойынша өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы тұста Премьер-министр: «Бизнестің дамуын тежейтін талаптар алынып, кәсіпкерлер келіспейтін тұстар жіті талқылану керек және ортақ шешім қабылдануға тиіс», — дейді жиында.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Алдындағы Ұлттық палатаның съезінде 100 проблемалық мәселе үкімет алдына қойылды. Оның 21-і бойынша шешім қабылданды. Оның 15-і бизнес мүддесіне шешілді. 6 мәселе бойынша қолдау берілген жоқ. 79 мәселе әлі де мемлекеттік органдардың қаралуында. Менің сұрайтыным осы қараша-желтоқсан айының ішінде барлық қалған 79 мәселе бойынша тиісті позициясын анықтап, Ұлттық палатамен бірлесе отырып, шешім қабылдау керек.