Хабар телеарнасы

Өңірлер бөлінген бюджеттің 520 млрд теңгесін игермеген — Үкімет отырысы

Бұл жайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлім етті. Сондай-ақ ол бюджетті игеруге жүргізілген аудиттің қорытындылары туралы мәлімет берді. Айтуынша, бұл бағытта 3,7 трлн теңгенің 304 млрд теңгесінен қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бұдан бөлек, бөлінген жергілікті бюджет қаржысын игеруде де сылбырлық байқалады. Жұмсалмай қалған қаржы 520 млрд теңге. Әсіресе Астана қаласы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында көп қаржы игерілмей қалған. Салалық ведомство басшысының айтуынша, ақшаны жұмсамаудың негізгі себептері —  тиісті құжаттардың уақытылы дайын болмауымен байланысты.

Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров болса, елде азық-түлік тағы қымбаттауы мүмкін деп ескертіп отыр. Себебі инфляция деңгейі артқан. Оның айтуынша, соңғы рет мұндай қымбатшылық 2008 жылы болған.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Биыл азық-түлік құны тағы да қымбаттайды деген болжам бар. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ұлғайтып, баға өсімін тұрақтандыруға барын салып жатыр. Нәтижесінде оның қарқыны сәл бәсеңдейді деп күтіп отырмыз. Жазда біз маусымдық тауарлардың арқасында инфляцияны тежеп тұрдық. Қазір жаңа жыл қарсаңында баға шарықтауы әбден мүмкін. Бірақ біз негізгі тауарлардың құнын бір деңгейде ұстап тұруға тырысамыз.