Абай облысы тұрғындары саяси науқанға белсенді қатысты
Азамат Қасым, тілші:
- Жаңадан құрылған Абай облысы тұрғындарының белсенділігін түске дейін халықтың 50% өз таңдауын жасағанынан-ақ аңғаруға болады. Денсаулық жағдайына байланысты емделіп жатқан немесе әскери борышын атқарып жүрген азаматтар үшін кәсіпорындар мен медициналық мекемелерде 36 дауыс беру орны жұмыс істеді. Ал Семей қаласының тұрғындары 149 сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік алды.
Алмас Төлеуов, қала тұрғыны:
- Азаматтық парызымызды өтеп, сайлауға отбасыммен келіп отырмын. Қазақстанның жарқын болашағына өз үлесімізді қосайық деп келдік.
Азамат Қасым, тілші:
- Ала таңнан сайлау учаскесіне асыққан семейліктерді ақындар жырмен, әжелер ақ бауырсақпен құшақ жая қарсы алды. Шаһардың зиялы қауым өкілдері де саяси науқаннан тыс қалған жоқ.
Құсмілия Нұрқасым, ақын:
- Алаштықтардың армандаған күні. Әрбір сайлау халықтың сенімін оятады. Сондықтан бүгінгі күнді ұлттық мереке деп айтуға болады.
Орал Шәріпбаев, қоғам қайраткері:
- Тарихи күн. 25 жылдан кейін Абай облысы құрылып, өңір тұрғындары өз таңдауын жасады. Ең бастысы, бұл сайлау халықтың сайлау. Қазақстанның болашағын айқындау сайлауы.
Азамат Қасым, тілші:
- Ел болашағына бей-жай қарамай, өз таңдауын жасағандардың арасында қандастарымыз да бар. 2011 жылы Моңғолиядан атажұртқа оралған Досбол Иса дауыс беруге алғашқылардың бірі болып келді.
Досбол Иса, қала тұрғыны:
- Бұл президенттік сайлау деген үлкен саяси науқан ғой. Оған еліміздің барлық азаматы қатысуы тиіс деп ойлаймын. Қазақстанның болашағы, жастардың келешегі тікелей байланысты. Сондықтан маңызы өте зор. Елдің келешегі үшін осы сайлауға келіп, өз таңдауымды жасадым.
Азамат Қасым, тілші:
- Біз қазір қаладағы медициналық университетте орналасқан, 1660 дауыс беруші тіркелген №260 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда бюлетендерді санау процесі қызу жүргізіліп жатыр. Өңірдегі дауыс беру нәтижесі әлі шыққан жоқ. Аймақтық сайлау комиссиясының таратқан соңғы мәліметтерге сүйенсек, сағат 8-ге дейін облыс тұрғындарының 80% астамы өз таңдауын жасады.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов