Қатерлі ісіктің асқынған түріне шалдыққандарды емдеуге болады
Атбасарлық Майра Омарова, биыл өзінің қатерлі ісікке шалдыққанын емханада тексерістен өтіп жүріп білген. Аталған дерт, оның екі бірдей органын жайлапты. Алғашында асқазан обырына ұшыраса, кейіннен тағы бір дене мүшесінен осы ауру табылған. Басында абдырап қалған ол, кейіннен өзімді қолға алдым, — дейді. Сөйтіп жақында күрделі операцияны өткерді.
Майра Омарова, пациент:
- Өмір сүргім келеді. Сол үшін де күрестім. Жақында үшінші немерем дүниеге келді. Оны тезірек көрсем деймін. Дегенмен осылай құлан таза айығып кетем деп ойлаған жоқпын. Баршаңызға денсаулықты күтіп, жиі тексеріліп тұруға кеңес беремін!
Ал қатерлі ісіктің осылай қос мүшеден бірдей анықталуы, отандық дәрігерлер үшін де күтпеген жағдай болыпты. Онкологтардың сөзінше, аталған ауру қазір тіпті балалардан да анықталып жатыр. Сол үшін диагностика мен ем-дом шараларын үнемі жетілдіріп отыру қажет. Астанада өткен халықаралық конференцияда қазақстандық мамандар Түркия, Жапония және Оңтүстік Корея секілді медицинасы озық елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Әділбек Мұқажанов, Ұлттық онкология орталығы төрағасының орынбасары:
- Бізде онкологияны емдеу мен диагностикалау заманауи дамыған елдерден қалып жатқан жоқ. Бізге жетіспейтіні біріншіден, халықтың кеш келуі. Мынау онкологиялық аурулардың жаман қасиеті, ол білінбейді адамға. Сондықтан жыл сайын скринингтік тексерулерден өту. Өз-өзінің денсаулығына қарау.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елімізде онкологиялық аурулардың жылдық өсімі 4,9% жетіп отыр. Бұл жылда 35 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталады деген сөз. Ал олардың 57% әйелдер болса, 43% ерлер. Ең өкініштісі, бізде аталған аурудан жыл сайын 14 мың адам көз жұмады.
Қазақстандықтар арасында көбіне өкпе, асқазан және сүт безінің қатерлі ісігі мен қуықасты безінің обыры кең таралған. Ал ауру көрсеткіші бойынша Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Болатбек Табалдиев