Елордада көктайғақ басталды
Ал атқарушы биліке бұған не дейді? Мердігерлердің айтуынша, қала бойынша жалпы 1600-ға жуық арнайы техника мен 2,5 мыңнан асатын жұмысшы қаланы ақ ұлпадан тазартып жатыр.
Мұзға құлап мертігіп жатқандардың басым бөлігі таңғы және кешкі уақытта. Бірі жеңіл тұрып кетіп жатса, өкінішке қарай, кейбіріне ауыр операция жасалуда.
Алтынай Хамзина, қала тұрғыны:
- Мен мұғаліммін. Жұмыстан келе жатқанда қараңғыда тайғақтан құладым. Алғашқы жәрдем жасалды. Операция жасалды. Көше бойы бәрі тайғақ.
Енді жара беті толық жазылу үшін 3 айға жуық уақыт керек, — дейді мамандар. Демек науқас уақытша жұмысқа жарамсыз.
Қасым Асқанов, травматолог-ортопед дәрігері:
- Тоқпан жіліктің ұшының сынған сүйектерін жинап, ашық түрде ота жасалды. Титаннан жасалған фиксаторлармен бекітілді. Травматологиялық бөлімшесіне күніне 70-80 адам қаралады. Жартысы деп айтуға болады, далада сол мұздан тайғанақтап құлап келіп жатады.
Астана қаласының әкімдігінен қаланы қардан тазалап, көшелерді күтіп баптау жайын білмек болып талпындық. Алайда жақ ашқан жан болмады. Белгісіз себептермен мердігер компанияға сілтеді.
Қастер Сейтімбет, «Астана тазалау» ЖШС заң және кадр бөлімінің басшысы:
- Барлығына толық біздер жауаптымыз деп айта алмаймын. Бізбен қоса санағанда 88 компания жұмыс істейді. Қыс мезгілінде қармен күресу бойынша.
Осы компаниялардың басым бөлігі сол жағалауға жұмылдырылған. 29 мердігер. Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарында 20-ға жуық компаниядан бар. Түнгі және таңға аусым бойынша тазалау жұмыстары жасалады.
МЕРДІГЕР ҰЙЫМДАР ( 2022-2023ж. )
Алматы ауданы-18
Байқоңыр -21
Есіл-29
Сарыарқа-20
Диана Қадыр, тілші:
- Елордамызда мұзды ерітетін арнайы материалдардың қоры жеткілікті, — дейді мамандар. Олардың 2 түрі болады екен. Біріншісі құммен тұздың қосындысы, екіншісі көріп тұрғандарыңыздай хлорид пен тұз. Жалпы
қордағы мөлшері 1000 тонна.
Еркін Ақжайық, коммуналдық қызмет маманы:
- Соңғы 2-3 күн қатты аяздың әсерінен құм себілген жоқ. Қараша айы бойынша 50 тонна құм, тұз реагенті себілді.
Тазалау жұмыстарына толық үлгеріп жүрміз деген мердігер: «Алаңдауға негіз жоқ» — дейді. Қыс басталғалы 500 мыңға жуық текше метр қар шығарылғанын айтады.
Диана Қадыр, тілші:
- Бірақ көрініс басқа. Қаланың орталығында тазаланбаған көктайғақты көріп тұрмыз. Мұзға құлап қалмау үшін аяқ киімнің сыртынан жеңіл сырғанатпайтын бұйымды киіп жүрген жөн. Ал синоптиктер алдағы 10 күнде ауа-райы күрт суытып, -30 градусқа дейін жететінін хабарлайды.
Авторлары: Диана Қадыр, Самат Оспанов