Бизнес ашқысы келетін іскер азаматтарға 2 млн теңге беріледі
Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгісі келетіндер көп, 315 үміткер өз бизнес жобасын ұсынған. Облыс әкімі тағайындаған 2 млн-нан астам теңге грантқа үміткерлердің бірі - Зәлімбаевтар отбасы. Олар жыл басында Абай ауданы әкімінің грантын жеңіп алып, жүн өңдейтін шағын цех ашқан. Енді кәсібін кеңейткісі келеді.
Марат Зәлімбаев, жеке кәсіпкер:
- Ауылда ешкім жүн өңдеумен айналыспайды. Сондықтан шикізат табылады деп ойлаймын. Осы маңдағы ауылдардан жинаймыз. Кейін өңдеп, сатамыз. Қосымша 5 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарымызда бар.
Биыл қайтарымсыз қаржы алуға 315 үміткер өтініш берген. Олардың бизнес жобалары әр саланы қамтиды. Қызмет көрсету, өндіріс, туризм және білім беру. Енді соның ішінен жеңімпаз 100 үміткер іріктеліп алынып, оқуға жіберіледі. Онда жас кәсіпкерлер қаржылық сауаттылықты үйренеді. Ал соның арасынан ең үздік 50 жоба грант алады.
Сұлтан Шәймағанбет, «Жарқын болашақ» ҚБ төрағасы:
- Біздің мақсатымыз жаңағы 100 адамның бәрі өтпейді ғой. Соның 50-і грант алады, 50-і бос кетпес үшін білім алып кетсін деген ниет. Өйткені жас кәсіпкерлер кәсібін ашып алғаннан кейін үлкен сұрақтар туындайды. Соларға ұрынбас үшін. Осындай жаңалық енгізіп отырмыз.
Соңғы 3 жыл ішінде кәсіп ашқысы келетін жастарға 700 млн теңге көлемінде облыс әкімінің гранты берілген. Ал аудан әкімдерінің грантын қоссақ, бұл сома екі есеге көп. Қайтарымсыз қаржының мақсатты игерілуін үш жыл бойы арнайы комиссия бақылайды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар