«Қазақмыс» компаниясы 53 жанұяға баспана сыйлады
Барлығы мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған отбасылар. «Нұрқазған» кенішінде жүргізуші болып еңбек ететін Нартай Инеятов қаланың қақ ортасынан ойып тұрып пәтер алғанына әлі де сенер емес. Бірнеше жыл бойы Теміртау қаласында 4 баласымен үй жалдап, қиналып келген. Оның үстіне үлкен ұлы қант диабетімен ауыратындықтан дәрігерге қаралу үшін Қарағандыға жиі қатынайды екен. Енді ол бейнеттен құтылды, емхана жанында. Төрт бөлмелі баспананың іші жиһазбен, тұрмыстық техникамен түгел жабдықталған. Жанұя жаңа жылды жаңа үйде қарсы алады.
Нартай Инеятов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Әрине, бұлай болады деп күткен жоқпыз. Тамаша, барлық жағдайымен. Өте әдемі. Жақсы. Кең. Төрт бөлме өте қатты ұнады. Балалардың көңілінен өте қатты қуаныш көрдім. Жүгіріп, қуанып жүр.
Бұл күні бірден 53 отбасы қуанышқа кенелді. Баспанаға мұқтаж, әрі мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған жанұяларға пәтер кілттерін компания басшылары салтанатты жағдайда табыстады. Қоныстой иелері Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларындағы «Қазақмыс» компаниясына қарасты өндіріс ошақтарында еңбек етеді.
Нұрахмет Нуриев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:
- «Қазақмыс» корпорациясы қиын жағдайда қалған жұмыскерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Мүмкіндігімізге қарай олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысамыз. Отбасы жайлы өмір сүрсе, еңбеккерлеріміз де алаңсыз жұмыс атқарады деп ойлаймыз.
Айта кетейік, бұған дейін балаларды қорғау күнінде дәл осындай 35 отбасы көптен күткен баспаналарына қол жеткізген еді. Ал соңғы үш жыл ішінде «Қазақмыс» корпорациясы 186 еңбеккеріне пәтер сыйлаған. Бұл мақсатқа 3,8 млрд теңге қаржы бөліпті.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар