Хабар телеарнасы

Ақтөбеде Президент шыршасы өтті

Дәстүрге орай шараға әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылармен қатар білім мен спортта жетістіктерге қол жеткізген оқушылар қатысты. 

 

Ертегі еліне елітіп әкетер мерекелік бағдарламаны облыс мәдениеті саласының үздік ұжымдары әзірлеген. Әртістер жиналған әрбір бүлдіршінге жаңа жылдық көңіл күй сыйлап қана қоймай, сиқырлар әлеміне саяхат жасап та қайтты.

Инабат Жеңісова, оқушы:
-Бүгінгі жаңа жылдық іс-шара маған қатты ұнап жатыр. Облыс әкіміне алғысымды білдіремін. Маған қатты ұнап жатыр. Барша қазақстандықтарды 2023 жылмен құттықтаймын. Әр отбасына ырыс, құт-береке, аманшылық, мереке берсін деп тілеймін.

Салтанатты шараға 9 бен 13 жас аралығындағы 200 жеткіншек арнайы шақырту алған. Әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз отбасы балаларымен қатар білімде озат оқушылар, түрлі жетістікке қол жеткізген жас спортшылар да қатысты. Облыс басшысы ел Президентінің құттықтауын жеткізіп, оқушыларға кітап сыйға тартты. Балалардың банктегі есепшотына 100 мың теңгеден де аударылған.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Балалар, барлығыңызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Бақ-береке болсын әрбір шаңырақта. Біздің болашағымыз, жас кішкентай сәбилеріміз, қыздарымыз бен ұлдарымыз тәуелсіз Қазақстанның үлкен азаматтары болсын. Келе жатқан жаңа жыл жақсылық әкелсін. Амандықта болыңыздар. Жаңа жыл құтты болсын келе жатқан!

Мерекелік шыршаға жиналған жеткіншектерді ақтөбелік әнші, еліміздің мақтанышы Димаш Құдайберген мен бірнеше дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, «Бақытта бала» халықаралық әншілер байқауының жеңімпазы Давид Чарлин құттықтады.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айбек Даутов