«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасына қатысушылар арнайы сертификатқа ие болды
Енді олардың кейбірі алған біліміне орай нақты кәсіп бастамақ. Жобаға қаржылай қолдау көрсетіп отырған «Samruk-Kazyna Trust» қоры қажетті жабдықтармен де қамтуға дайын. Жалпылай алғанда, 117 азамат бірнеше кәсіп түрін оқып, меңгеріп шықты.
Орынғали Хабдырахман соңғы бір ай бойы «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолға алған жобаның арқасында автоэлектрик мамандығын меңгеріп шықты. Енді ол кез-келген көліктің ақауын тез анықтай алады. Курс басталғалы теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, 4 темір тұлпарды жөндеген.
Орынғали Хабдырахман, Қобда ауылының тұрғыны:
- Бұл жоба өзі оқытып, өзі сертификатын береді. Оборудованиесін алып береді. Бұл жоба өсіп келе жатқан жастарға деген өте тиімді жоба деп есептеймін.
Тегін оқу көпбалалы ана Баршагүл Бердібаеваның да арманын іске асырды. Бала күнінен тігін ісіне құмар ол бұл саладағы жаңашылдықтарды меңгеріп, заманауи техникаларын қолдануды үйренуді ойлап жүрген еді. Енді кез-келген сән үлгісіне сай көйлек түрін тіге алады.
Баршагүл Бердібаева, көпбалалы ана:
- Көрпелер тігіп жатырмыз, көйлектер және осының ішінде техникалар бар жақсы-жақсы, көрпе тігетін, ою-өрнектер шығаратын. Солармен жұмыс жасап үйрендік. Әрмен қарай енді кіші бизнесімді ашып, жұмысымды дамытып, әрмен қарай жасаймын деген ойдамын.
«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен іске асып жатыр. Бастама халықтың осал топ өкілдерін, соның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелері мен жағдайы төмен жанұядан шыққан жастарды кешенші оқытуға бағытталған. Елдің Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан, Ақтөбе облыстарында өткен курс аясында 117 азамат бес бағыт бойынша білім алып шықты.
Серғожа Қалиасқаров, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары:
- Бұл жобаға 200 млн теңге көлемінде қаржы бағытталды. Шамамен 300 грант бөлу қарастырылды. Оның арасында, кейбір қатысушыларды ынталандыру үшін ісін әрі қарай дамыту мақсатында қажетті жабдықтар беру көзделген. Сөйтіп шалғай аймақтарда тұратын адамдарды қолдау назарға алынады.
Пилоттық жобаны сәтті жүргізген қор осы секілді игі істі әрі қарай жалғастыра бермек.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев