Хабар телеарнасы

Күннің күрт сууы үйсіз-күйсіз жүргендерге тіпті қиын болып тұр

Кейбіріне жылы төсек орын табылған. Бірақ басқалары қайтеді? 

Сарыарқаның сары аязы басталғалы қаңғыбастарға қиын соғуда. Бұрын жылу құбырлардың астында, аядай жерде түнеп жүрген. Аяз басталғалы осы құбырлардың үстіне шығып, бойларын жылытып, күндерін өткізуге мәжбүр.

Виктор Соколов:
-Әкем өмірден өткеннен кейін жұмыстан да, жалдап тұрып жүрген үйден де айрылдым. Соңында осындай жағдайға жеттім. Сосын адамдар байқай бермейтін, полицияның көзіне ілінбейтін осы жерге келдім. Бұрын әр жерде түнеп жүрдім. Қазір қатты күн суытты. Осы құбыр бойды жылытады.


Қарағандылық Виктор 30 жыл бұрын Астанаға арман қуып келген. Тағдыр тауқыметі осындай күйге түсірді дейді. «Соңғы күндері ішетін суы мұзға айналып азық іздеуге аязды күн мүмкіндік бермейді»,— деп қынжылады. Біз туыстарымен табыстыруға талпынып едік, бас тартты. Оңалту орталығына баруға құлықсыз. Ал кейбіріне жылы төсек орын бұйырып, олар осында ыстық ас ішуде.

Төлеу Әлімов:
-Былтыр жазды күні халықтан естіп сосын келдім ғой. Көшеде жүргенде естідім. Қызым бар еді. Қызылордаға тұрмысқа шығып кетті. Бұл кісілерге рақмет. Қарттар үйіне дайындап жатыр. Қызылордаға ма, бармаймын. Олардың өз өмірі бар. Менің өз өмірім бар.

Бұл орталыққа бәрі бірдей кіре аламайды. Жұқпалы ауруға шалдыққандар мен ішімдікке құмартқандарға орын берілмейді. Ал орталыққа орналасқандар жоғалтқан құжаттарын түгендеп, жұмысқа бейімделген.

Сәуле Әбсадықова, психолог:
-Оларды екі топқа бөлуге болады. Бірінші расында да өмірлік қиын жағдайға түскен жандар. Екінші топқа қаңғыбастық өмір салтына дағдыланған адамдар. Оларға ұнайды сондай өмір салты. Олардың ойы бойынша, ол бостандықтың бір түрі.

Мұндай жағдайға ата-анасы ерте ажырасқан, балалар үйінен шыққан, үлкен қалада жұмыссыз жүргендер жиі тап болады екен.

Самат Топатаев, Әлеуметке қосу орталығының директоры:
-Бізде қызмет алушылардың саны 156 адам. Осының ішінде 138 ер адам. 17 мүгедек. Ал түнгі бөлімге 50 адам келеді. Күн сайын. Осы Астана қаласының тұрғыны болса 1 жылға дейін. Әлеуметтік қызмет өзге аймақтан болса, 1 айға дейін. Әрі қарай аймақтағы осындай орталыққа жолдаймыз.

Шалыс басып, сүрінгенімен, қайта тұруға әркімнің мүмкіндігі бар. Бірінші қадам жауапкершіліктен басталады. Десе де «қалыпты өмірге бейімделу - әрбір адамның жеке қалауы», — дейді мамандар.
Авторлары: Диана Қадыр, Болатбек Табалдиев