Семей қаласында «Сөйле» клубы жұмысын бастады
Осыған орай арнайы бағдарлама да әзірленген. Бағдарламаға сәйкес ауызекі сөйлесуге, оқуға, жазуға баса мән берілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үйірме алты ай бойы жұмыс істейді. Қала бойынша қазірдің өзінде 40-қа жуық адам клубқа жазылып үлгерген. Жоба шеңберінде қатысушыларға халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, домбыра үйрету де жоспарланып отыр.
Ксения Казымова, қала тұрғыны:
- Мен үйде баламен отырмын. Қазақ тілін тегін үйрететін клубтың ашылғанын әлеуметтік желіден көрдім. Осы елдің нанын жеп, суын ішіп жүрген соң мемлекеттің тілін білу міндет. Қазақ тілін ептеп білемін, мақсатым – жетік меңгеру.
Темірлан Бақтияров, «Жастар рухы» жастар қанаты қалалық филиалының жетекшісі:
- Қазір клубқа қызығушылар көп. Күнделікті хабарласып жатыр. Жоба басталғалы шамамен 3-4 күнде бізге 37 адам тіркелді. Жоба алты ай бойы жүргізіледі. Егер жақсы нәтиже берсе, ниет білдірушілер көп болса жалғастыра береміз.