1991 жылдан бері қанша қандасымыз елге оралды?
Қазіргі таңда олардың басым бөлігі солтүстік және оңтүстік өңірлерге қоныстанған. Ал биыл қандастар үшін қанша квота бөлініп отыр? Оларға қандай әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған?
Келіп жатқан қазақты батыр қазақ деуге болады. Ел тәуелсіздігіне ұрпағымыз үлес қоссын деген мақсатта келеді.
Бұл — Меруеш Байшайқызының пікірі. Осыдан 16 жыл бұрын Моңғолиядан оралған. «Ол елде де жағдайымыз жақсы болатын», — дейді. Бірақ шекара асып, көшіп-қону қанша машақатты болса да, туған жерге қайтуға деген арманы аласармаған.
Меруеш Башайқызы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облысы филиалының басшысы:
-Бұрын қағаз жұмыстары көп болатын. Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарында бітіп жатыр. Осы күнге дейін азаматтық ала алмаған қандастарымызды көрдім. Себебі кезіндегі көші-қон заңнамасының кедергі тұстары көп болды.
Ал мамандар бүгінгі таңда қандас мәртебесін алу біршама жеңілдегенін айтады. Қазір тек өмірбаян, жеке куәлік, өзінің қазақ екенін дәлелдейтін құжат қана сұралады. Үш тәуліктен кейін «Қандас» мәртебесі беріледі. Үш ай өткен соң Қазақстан азаматтығын алу құқығына да ие болады.
Дастан Айтқұлов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
-Қандас әлеуметтік осал топтарға енетін көмектер көрсетіледі. Қазақстан Республикасының азаматтығына теңестірілген. Тек Саяси құқықтарынан басқа.
Айта кетейік, былтырдың өзінде 19 200-ге жуық этникалық қазақ тарихи отанға оралған. Олардың 65% Өзбекстаннан келген. Тізімде Қытай, Ресей, Түркіменстан да бар. Бестікті Моңғолия түйіндейді.
Ал қоныстандыруға келер болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылға 8 600 ден астам өңірлік квота белгіледі. Олардың 2000-ға жуығы қандастарға арналады.
Тізім басында Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары тұр. 138 адаммен ең аз квота Солтүстік Қазақстан өңіріне бөлінген.
Ал бұл квотаны пайдаланушылардың 1 жылдық жалдамалы пәтер ақысы төленеді. Сондай-ақ отбасының әр мүшесіне 241 мың теңге көмек қарастырылған. Алайда Атажұртты аңсайтындар бұл көмектердің көлемі әлі де ұлғайтылса дейді. Өйткені елге қайту жүректегі арман болса, әлеуметтік жағы көңілде күдік болып тұр.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Айбын Құсанбеков, Қанат Махамбетов