Түркістан облысында полиция бастығының бұрынғы орынбасары алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Ол полиция бөлімінде тергеліп жатқан тұлғаларға жәрдемдесу үшін 1 млн теңге мөлшерінде ақша алды деп айыпталып отыр. Тергеу сотының санкциясымен лауазымды тұлға «үйқамаққа» алынды. Ал Шымкентте білім басқармасының қызметкері парамен ұсталды. Тексеріс жүргізбес үшін жеке балабақша қожайындары мектепке дейінгі мекемелерге жауапты маманға пара беріп отырған. Ұсталған шенеунік кінәсін толық мойындады. Жыл жаңа басталғанымен, аталған мекемеде парамен екінші адам ұсталып отыр. Бұдан біраз уақыт бұрын балабақшалармен жұмыс істеген бас маман қолға түскен еді. Осы жағдайдан соң, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласындағы департаменті Әкімдікке мектепке дейінгі мекемелерге тексеріс жүргізу туралы бұйрықтың күшін жоюды ұсынды.
Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы:
-Ұсынысты қарау барысында тексеріс жүргізуге негіз болған бұйрықтың күші жойылды. Қазіргі уақытта 500-ден астам жеке кәсіпкерге қатысты қандайда бір тексеріс шаралары толықтай тоқтатылды. Сонымен қатар кәсіпкерден бірнеше рет пара алғаны үшін білім басқармасының тағы да бір лауазымды тұлғасы әшкереленді. Өзінің кінәсін толықтай мойындап, қылмыстық іс жалғасуда.