Көктемгі су тасқыны: Жетісу облысы мен Ақтөбеде алдын алу шаралары қолға алынды
Жетісу облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қолға алынды. Таудан аққан қар суы тұрғындарға қауіп төндірмес үшін Сарқан ауданындағы негізгі канал бойына құм толтырылған қаптардан бөгет жасалды. Аудан аумағында тоғыз магистарльды су жүйесі бар. Соларды тазартуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Су тасқыны болуы мүмкін жеті учаске қатаң бақылауға алынды.
Ал Ақтөбеде қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске 250 техника мен жүздеген жұмысшы жұмылдырылған. Облыс орталығының тазалығына 12 мердігер компания жауапты. Олар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Су басу қаупі жоғары шағын аудандар мен елді мекендер басты назарда. Қыс түскелі шаһардан 103 мың текше метр қар шығарылған.