Хабар телеарнасы

Алматыда жас ерлі-зайыпты жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатпақ болған

Бұл туралы қалалық Полиция Департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 25 жастағы әйел перзентханадан шыға салысымен 32 жастағы күйеуімен бірге сәбиді алушылармен мәміле жасауға келген. Олар ұлын 2 миллион теңгеге бағалаған. Айта кетейік, күдікті отбасы туылмаған бала үшін «болашақ ата-ананы» алдын ала іздеген. Нәрестені сатудан түскен ақша айыпталушыларды ұстау кезінде тәркіленді. «Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, нәресте балалар үйіне өткізілді. Бұлтартпау шарасы қазіргі таңда қарастырылып жатыр», — деді полиция өкілі.

Еркін Өтегенов, қалалық Полиция Департаментінің баспасөз қызметкері:
-Сатып алушыны өздерінің айналасындағы адамдардан сұрастырып іздеген. Ешқандай туыстық қатысы жоқ. Бұның алдында екі баласы бар. Қазіргі таңда өздерінің екі балаларымен бірге. Олардың қамау немесе басқа шешімдерін тергеу барысында немесе соттың шешімімен қабылданады.