Қостанай облысында крипто қылмыс жасаған РФ азаматы ұсталды
Ол екі жарым жыл бойы заңсыз крипто айырбастау пунктерінен қолма-қол ақша алып отырған. Осылайша 180 миллион теңгеден аса табыс тапқан. Сот үкімімен оның 85 миллион теңгеге бағаланған жылжымайтын мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар крипто биржа платформасындағы екі жарым мың доллар болатын цифрлық активтеріне тыйым салынды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында жалған банкрот жариялаған үш кәсіпорын иелері анықталды. Құны жарты миллиард теңге болатын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды. Тергеу барысында кәсіпкерлер несие алып, салық төлемеген. Іс жүзінде олар біркүндік фирмалар құрған. Банкротқа ұшыратқаннан кейін барлық мүлікті еншілес ұйымдардың балансына төмен бағамен қайта жазған. Қылмыстық схема әшкереленіп, іс сотқа жолданды.
Ақтауда үшінші жыл қатарынан «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылды. Оған Каспий жағасындағы шаһарды көркейтіп, көгалдандыруға қатысты тың идеясы бар кез-келген азамат қатыса алады. Ұсыныстарды қабылдау сәуір айында аяқталады. Халық бастамалары қала әкімдігінің ресми сайтына жүктеліп, жұртшылық онлайн дауыс береді. Ең көп дауыс жинағандары бюджеттен қаржыландырылады. Былтыр осы жоба аясында 4 спорт және 1 балалар ойын алаңы салынған еді.
Ресейдің мемлекеттік тарихи архивінен Қостанай қаласының алғашқы картасы табылды. Оны 1896 жылы арнайы тапсырыспен атақты картограф Белоглазов жасаған. Тобыл өңірін мекен еткен Тұрымбай Толыбаев, Осман Алтынсарин сияқты қазақтың байлары таңба бекітіп, қолдарын қойған. Картада Троицкіден бастау алып, Қостанай арқылы Науырзым, Торғайға тартылатын темір жол желісінің жоспары да көрсетілген. Тіпті 19- ғасырдың аяғындағы Қостанай халқының саны, олардың әлеуметтік мәртебесі қандай, көше мен үй, түп ағаш санына дейін жазылған. Бірақ карта патшалық Ресей тарапынан ресми бекітілмеген. Ғалымдар оның себебін анықтамақ ниетте.