Жүрекке операция уақыты 2 есе қысқарды
Астаналық дәрігерлер жүрекке транскатетерлік импланттаудың 2 жаңа әдісін ойлап тапты. Ұлттық кардиология орталығында тұңғыш рет жасалған операция сәтті шыққан. Енді шетелдік дәрігерлер осы әдісті үйрену үшін арнайы елордаға келді. Қызығатындай жөні бар, күрделі отаның бұл түрі жүрек жетіспеушілігінің соңғы кезеңіндегі науқастарға жасалады. Отандық дәрігерлердің жетістігі қандай нәтиже берді?
Диана Қадыр, тілші:
- Кеуде кесіліп, жүрекке жеткеннен кейінгі операция 1,5 сағатқа созылатын. Бұл жасанды қан айналымында жатқан науқасқа ұзақ уақыт. Ал қазақстандық дәрігерлер жүрекке жасалатын отаның жаңа әдісін ойлап тапты. Қазір осында сол бойынша операция жасалуда. «Оның ұзақтығы 10 минут», – дейді мамандар.
Еркежан Раисов, интервенциялық кардиология резиденті:
- Жүрек жетіспеушіліктің ең күрделі түрінде келген науқас болған. Оның қақпақшалары да қатты зақымданған болатын. Мамандар ақылдасып, екі техниканы біріктіретін шешімге келдік. Жаңа әдісті айтатын болсақ, хирургиялық және интервенционный әдістердің біріктіріп жасалған түрі.
Шұғыл қабылданған шешімнен кейін, екінші жаңа операцияның тәсілі пайда болған. Дәрігерлер мұны отандық медицина тарихындағы үлкен жетістік деп отыр. Жүректегі істен шыққан механикалық қақпақшасын сындырып, транскатетерлық түтікшені қойған. Операцияның ұзақтығы 2 есе қысқарған. Күні кеше жасы алпысты алқымдаған алматылық тұрғынға жаңа әдіс бойынша операция жасалыпты.
Анатолий Кузнецов, емделуші:
- Менің жүрегімнің жұмысы өте төмен болды. Кислород бармады. Ал мұнда маған жүрекке механикалық сорғы мен қақпақшаларыма операция жасаған соң, барлық органдарым қайта қалпына келе бастады. Мен үшін бұл үздiк кардиология орталығы.
Мамандардың айтуынша, отадан кейін емделушілердің денсаулығы тез қалыпқа келіп, біршама ұзағырақ өмір сүруіне үміт арта түседі. Жаңа әдіс 4 ай бұрын қолданысқа енгізіліп, 10 науқасқа операция сәтті жасалған. Енді көптеген шетел дәрігерлері қызығушылық танытып отыр.
Сринивас Бирававаджала, Үндістан дәрігері:
- Бұған дейін орта қақпақшасының жетіспеушілігінің кезінде транскатетерлық түтікше қоя алмайтынбыз. Енді арнайы қақпақша сақинасын 3 жақтан бекітіп көрсетіп жатыр. Транскатетерлық клапан қоюды қазақстандық дәрігерлерден үйрендік.
Раджа Рамеш, Үндістан дәрігері:
- Мұнда тың тәсілдермен танысып, оларды үйреніп, елімізде қолданбақпыз. Халықаралық деңгейдегі институттармен тең деп айтуға болады.
Енді осы жетістікті халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарына таныстыру міндеті тұр.
Авторлары: Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев