Қазақстан ауыр атлетикасында тағы допинг дауы шықты
Ұлттық антидопинг орталығының шешімімен бірден 6 спортшы 8 жылға жарыстардан шеттетілді. Олардың арасында Токио олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон да бар. Ол допингке қарсы ережені екінші мәрте бұзды. 2015 жылы тыйым салынған дәруменді пайдаланған еді. Халықаралық кодекс бойынша екінші мәрте ереже бұзған адам екі есе артық мерзімге шеттетіледі. Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің талабына сай, жыл сайын тыйым салынған дәрі-дәрмектер тізімі жасалады. Олардың саны қазір 4 мыңнан асты. Сондай-ақ тағы 9 зілтемірші допинг қолданған екен. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралиновтің мәлімдеуінше, бұл допинг бақылауды қазақстандық орталық жүргізген. Федерация мен спортшылар үшін ауыр салдары жоқ. Жалпы қазір елімізде ереже бұзған атлеттер саны 50-ден асты.