Тікұшақ апаты: ТЖМ өкілдері қаза тапқан 4 адамның аты-жөнін жариялады
Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы оқыс оқиғадан қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады. Ресми мәлімет бойынша министрліктің төрт қызметкері көз жұмды. Олар: ұшқыш нұсқаушы Дәулетбай Қанатов, екінші пилот Владимир Афанасьев, аға борт механик-нұсқаушы Сиязбек Андосов және жетекші инженер Жәрдем Досқалиев. Естеріңізге сала кетейік, 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында «Қазавиақұтқару» тікұшағы апатты жағдайда қонды. Тікұшақ ішінде 6 адам болған. 2 азамат жарақат алды. Олар Оралдағы аурухананың нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр. «Жағдайлары тұрақты», — дейді дәрігерлер. Ал қаза болғандардың балаларына жәрдемақы төленеді. Қазір апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
-«Қазавиақұтқару» қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді. Ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар «Қазавиақұтқару» есебінен жүргізіледі. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетін болады.