Халық үшін игілігі мол жандар «Алғыс» медалімен марапатталды
Елордада дәрігерлер мен мұғалімдерге, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға құрмет көрсетілді. Алғыс айту күніне орай Достық үйінде өткен телекөпірде олардың азаматтық белсенділігі, ел үшін еткен еселі еңбегі айтылды. Олардың қатарында Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсеткен құтқарушы да бар. Шараға өңірлерден 40-қа жуық Достық үйі онлайн қосылды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мерекелеудің форматын өзгерту қажет екенін айтты. Сондықтан бұл мереке тұтас қоғамның құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісіммен бірге айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы аса маңызды.
Сондай-ақ Алғыс айту күніне орай елордадағы кинотеатрлардың бірінде ерекше акция өтті. Киноға келген адамдарға сеанс алдында арнайы бейнебаян көрсетілді. Ондағы есімдері аталған алғыс иелері кинозалда отырды. Өздерінің бұл науқаннан хабары жоқ. Бірі спорт жаттықтырушысына алғыс білдірсе, енді бірі оқытушысына жүрекжарды тілегін жеткізді, тіпті әскердегі азамат сүйгеніне сезімін білдірді. Осылайша, алғысқа бөленген жандардың жүрегіне жылылық ұялап, қуанышқа бөленді.