Электронды темекі бағасы өседі
Жасөспірімдер арасында вейп сәнге айналды. Мамандардың айтуынша оқушылардың ішінде электронды темекі-вейпке тәуелділері көбейген. Оның алдын алу үшін елімізде қандай заң әзірленіп жатыр? Кімдерге шектеу қойылады? Мәселеге қатысты министрлік не дейді?
Кәмелетке толмаған елордалық кейіпкердің сөзінше, жасөспірімдер арасында бір рет шегетін электронды шылым сәнге айналды. «Сатып алуға шектеу жоқ, бағасы қолжетімді», — дейді кейіпкер.
Кейіпкер:
-Одноразка қазір көп жастардың қолында бар. Шегудің қажеті жоқ екен, менің түсінгенім. Ата-анам негізі білмейді. Көрсетпей тығып шегемін. Енді иісі шықпайды ғой.
Вейптерге арналған сұйықтықтар көбінде кездейсоқ цехтарда, қолмен дайындалады. Сондықтан бағасы арзан, жасөпірімдерге қолжетімді. Қайтпек керек?
Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ СЭБК жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:
-Енді мектептің оқушылары кез келген жерде сатып алады деп айта алмаймыз. Мектепте, мәдениетті оқу орындарында электронды темекілерді сатуға тыйым салынған. 100-ден астам пробасын алып, соны зерттедік. Тағы да тиісті зерттемелер жүргізіледі. Дәлелдемелер негіз болып, түбінде нақты шешімі болады.
Елімізде құрамында никотин бар өнімдерге, нақты вейптерге техникалық регламент әзірленуде. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Темекіге қойылатын шектеулер, енді вейптерге де қарастырылмақ. Демек Қазақстан Республикасы Кодексінің 110-бабының 2-тармағымен реттеледі.
Дастан Шақанов, Медицина ғылымдарының кандидаты:
-Құрамын қарасақ, спирттер, формальдегид, ацетон деген нәрселер миының қабілеттілігін төмендетеді. Әсері ас қорту жүйесіне зиян келтіреді. Формальдегид — ол онкологиялық ауруға алып келетін заттар бар.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі өкілдерiнiң мәлімдеуінше, электронды темекі бағасы өседі. Мәселен, былтыр электронды сұйық темекінің мың данасы үшін акцизтік құны 12 мың теңгеден жоғары болған. Қазіргі бағасы 14 мыңнан асады. Бұл алдағы жылы тағы көтерілмек. Басты мақсат — вейп шегетіндердің санын азайту.
Бұл тауардың бағасы қымбаттағанымен, тұтынушылардың саны азаймай тұр. «Шекарадан өткізбей, саудасын шектеу керек», — дейді мамандар. Сонда бұл тауарға тәуелді болған, өскелең ұрпақтың саны азаюы мүмкін.
Авторлары: Диана Қадыр, Аманжол Байғазин