Жетісу облысындағы бірнеше ауланы су басты
Жетісу облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қызылжар ауылында бірнеше ауланы су басты. Күннің күрт жылынуына байланысты егістіктен аққан қар суы Шыныбек көшесінің бойын басып қалған. Тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелген жоқ. Қазір су деңгейі төмендеп, ауылдағы жағдай тұрақталды. Еріген қар суы Байғазы өзеніне құйылып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 66 қызметкері 11 техниканың көмегімен ауылдағы арық жүйесін тереңдетуді қолға алды. Сонымен қатар инертті материалдар дайындау және егістіктен аққан суды ауылдан бұру мақсатында арна қазылып жатыр.
Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Бізге аталған цемент зауытының аумағын су басқаны туралы ешбір хабарлама түспеді. Жағдайды әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалар арқылы білдік. Өндіріс ошағының жұмысшылары ұзындығы 800 метрдей айналма арна қазып үлгерген. Еріген қар суы сонымен ағып кетіп жатыр. Кәсіпорындағы қоймаларға және оның іргесіндегі алқаптарға ешбір қауіп төніп тұрған жоқ.