Өскеменнің көшелерін су басып жатыр
Еріген қар суына толассыз жауған жаңбыр қосылып, жол үстіне жиналып қалған. Коммуналдық қызмет кешеден бері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Суды соруға 50 адам жұмылдырылып, 8 техника, 20 мотопомпа тартылды. Қазір шаһарда барлық суағарлар жұмыс істеп тұр. Қала ішіндегі арықтар да тазартылған. Дегенмен, биыл қардың көп түсуі және жауын-шашынның жиі болуы жағдайды ушықтырып жіберген.
Айбек Қасайынов, «Таза Өскемен» МКК аумақ басшысы:
-Үйге кіретіндей ондай су болған жоқ, көбінесе осы судың бәрі көшелерде, Диспетчер 24 сағат бойы жұмыс істеуде. Тұрғындар 24 сағат бойы байланысатын болады. Байланысқан жағдайда өзімізден көлік пен мастерлерімізді жібереміз.
Ал Абай облысында күн райының қолайсыздығына байланысты бірнеше ауданда сабақ онлайн өтті. Семейде екінші ауысымда оқитын оқушылар мен колледждердің 1 және 2-курс студенттері де қашықтан оқуға көшірілді. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қала әкімдігінің хабарлауынша, шаһар көшелері мен қала маңындағы ықшам аудандарды су мен қардан тазартуға 60-тан астам арнайы техника мен мердігер ұйымның 10 бригадасы жұмылдырылған. Жалпы қалада тасқын қаупі жоғары деген 15 аумақ бар. Қыс басталғалы 456 мың текше метр қар шығарылыпты.