Қарағандылық әйел 40 жыл бойы қоғамдық көлік жүргізіп жүр
Мұңсыз Тілегенова осы аралықта бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған, басшылықтан да ешқандай ескерту алмапты. Жасы 60-қа келсе де еңбек етіп жүр. Мереке қарсаңында Мұңсыз апаны әріптестері де, облыс басшысы да қос мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Таң атпастан жұмысқа келетін Мұңсыз апаны бұл күні тосын сый күтіп тұрды. Әріптестері қос мерейтой иесін ерекше құттықтап, құрмет көрсетті. Биыл апамыздың жасы 60-қа келсе, қоғамдық көлік жүргеніне тура 40 жыл толған.
Нұрзат Ақылбеков, автобус жүргізушісі:
- Мұңсыз апай бізге үлгі. Аман-есен осы жерден зейнетке шықсын. Ауырмасын. Бізге білетінін үйретіп жүреді.
Мұңсыз Тілегенова Ақтөбе облысының тумасы. Сол жақта 19 жыл троллейбус жүргізген. Кейін Қарағандыға көшіп келіп, бірден автобус тізгініне отырады. Содан бері оның атына жолаушылар тарапынан бірде-бір шағым түспеген. Автопарк басшылығының айтуынша, ешқашан жол ережесін де бұзбапты. Апамыз қанша рет жарақат алса да сүйікті жұмысынан бас тарпай келеді.
Мұңсыз Тілегенова, автобус жүргізушісі:
- Отвертканы салып, ременьді аламын деп жатқанда қызым байқаусызда, сіздің даусыңызды естіген сияқты болдым деп, анау батырманы басып қалған уақытта, айналдырып жіберіп, саусағымды алып кетті.
Мұңсыз апа тәулігіне 14 сағат жұмыс істейді. Еңбекқор жан ең ұзақ 43-ші маршрутты таңдап алған. Қаладағы автобус жүргізетін жалғыз әйелді жолаушылар да жазбай таниды. Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында Мұңсыз апаны аймақ басшысы да жеке қабылдап, сый-сияпат жасады. Бұл күні облысымыздың әр саласында адал еңбек атқарып келе жатқан аяулы жандарға құрмет көрсетілді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар